Соғыс жағдайында азаматтарды қорғайтын контейнер: Ұлттық стандарт әзірленді

Соғыс жағдайында азаматтарды қорғайтын контейнер: Ұлттық стандарт әзірленді

Елімізде соғыс жағдайында азаматтарды қорғайтын мобильді қорғаныш контейнерлерінің ұлттық стандарты әзірленді. Бұл туралы Kazinform-ның ресми сауалына ҚР ТЖМ жолдаған жауапта айтылған. 

— ТЖМ бастамасы бойынша Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті ҚР СТ 3981-2024 «Төтенше жағдайлардағы қауіпсіздік. Азаматтық қорғаныстың мобильді қорғаныш құрылысжайлары» ұлттық стандартын әзірледі. Бұл стандарт 2025 жылдың 1 тамызынан бастап күшіне енеді. 

Стандарт төтенше жағдайлар кезінде қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ете отырып, азаматтық қорғаныстың мобильді қорғаныш құрылысжайларына қойылатын негізгі талаптарды, олардың функционалдық сипаттамалары мен техникалық жарақтандырылуын регламенттейді, - делінген хабарламада. 

Мәліметке сай, белгіленген талаптарға сәйкес санатталған ұйымдар қорғаныш құрылыстарына қажеттілікті негізге ала отырып, мобильді қорғаныш құрылысжайларын дайындаушы зауыттардан оны сатып алуды дербес жүзеге асырады. 

Еске салсақ, бұл мәселе 2023 жылы көтерілген. Сол кездегі ТЖМ басшысы Сырым Шәріпханов БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып, паркингтер, метроларды қорғаныс құрылысы ретіндегі пайдалану мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын айтқан. Ол үшін ғалымдардың көмегімен арнайы қорғаныс контейнері дайындалып, Астанадағы өрт сөндіру бекетінде қойылғанын атап өткен еді. 

Әзірленген стандарттың түсіндірмесінде, бұндай қорғаныс құрылысжайлары әуелі азаматтық қорғаныс санаттарына жатқызылған ұйымдардың ең көп жұмыс істейтін ауысымын қорғау үшін, сондай-ақ одан әрі эвакуациялау жағдайының нашарлауына немесе өмірге қауіп төндіретін асқынуларға әкелуі мүмкін тасымалданбайтын науқастарды, сондай-ақ медициналық ұйымдардың медициналық және қызмет көрсету персоналын қорғау үшін құрылады.