Түркиялық кинокомпания Жошы хан туралы сериалды тек қана Қазақстанда түсіретін болды

Түркиялық кинокомпания Жошы хан туралы сериалды тек қана Қазақстанда түсіретін болды

14 қаңтарда Ыстамбұлдағы Karga Seven Pictures кинокомпаниясының кеңсесінде шартты атауы «Алтын империя» жобасы бойынша шығармашылық топтың отырысы өтті.

Кездесуге Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Karga Seven Pictures компаниясының тең құрылтайшылары Эмре Сахин мен Фикрет Маноглу қатысып, сериалдың 6 эпизодының сценарийлері мен басты рөлдерге актерлік құрамын бекітті. 

Айта кетейік, 4 000-нан астам өтінімнің ішінен 350 актер іріктеліп алынды. Олардың арасында 250 қазақстандық және Швеция, Бельгия, Англия, Германия, АҚШ, Моңғолия елдерінен 100 әртіс бар. Оған қоса, кездесуде костюмдер, декорациялар мен реквизиттер таныстырылған. 

Бұған дейін Қазақстанда сериал түсірілімінің тек 40%-ы өтеді деп жоспарланған еді. Алайда сериалдың бас продюсері және режиссері Эмре Сахин локацияларды жан-жақты зерттеген соң, түсірілімді толығымен Қазақстанға көшіруді ұйғарған. Түсірілім жұмыстары 2025 жылдың ақпанында басталады.  

Сонымен бірге, кастингтің екінші кезеңін өткізу жоспарланып отыр. Бұл екінші пландағы және балалар рөлдеріне арналмақ. 

«Дара» Президенттік бастамалар қоры жүзеге асырып жатқан және Жошы хан ұлысының 800 жылдығына орайластырылған «Алтын орда» сериалының сценарийін әзірлеуге Джастин Поллард («Викингтер»), Клэр Мурсом («Заңнан тыс патша») сияқты танымал сценаристер, сондай-ақ қазақстандық және халықаралық тарихшылар мен сарапшылар қатысқан. 

Сериал авторлары Жошы ұлысының, Алтын Орданың тарихына, көшпелі халықтар мен қазақтың мәдени құндылықтары мен өмір салтына зерттеу жүргізген. 

Алтын орданың тарихы халықаралық аудитория мен дистрибьюторлардың үлкен қызығушылығын тудырып отыр. Жаңа сериал әлем көрермендерінің назарын аударатын ауқымды жоба бола алады. 

Еске сала кетейік, 2019 жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында кеңес мүшесі Қазыбек Иса Ұлытауда Жошы хан ескерткішін Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғызса, ұлт рухы дүр сілкінер дүние болар еді деген еді.

Одан бөлек, 2024 жылы 20 наурызда ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Үкімет басшысы Олжас Бектеновке Жошы хан негізін қалаған Ұлық ұлыстың 800 жылдығы мен Алтын Орда бренді туралы “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалын жариялады.

Сол сауалдағы ұсыныста:

1.Алтын Орда тарихы, Жошы ханның ерекше тұлғасы туралы деректі және көркем фильмдер, сериалдар мен анимациялық туындылар түсіру керек.

2. Алтын Орда дәуірінің тарихи ескерткіштері Жошы хан кесенесі, Сарайшық қалашығы және «Қызыл оба» қорымын туристтік орталықтарға айналдыру керек. Туристік инфрақұрылымды заман талабына лайықтау қажет.

3.Астанада Алтын Орда дәуірінің ұлы мұрасын айшықтайтын асқақтаған алып монумент тұрғызу керек.

4.Әдебиетіміз бен мәдениетімізде, бейнелеу өнерінде де Жошы хан мен Алтын Орда тарихы Тәуелсіз елдің ұстанымымен бейнеленуі керек.

5.Мектеп пен жоғары оқу орындарында Алтын Орда дәуірі бүгінгі күн талабымен оқылуы тиіс.”

Артынша Үкімет басшысы Олжас Бектенов сауалға жауап беріп, АЛТЫН ОРДА мен ЖОШЫ ХАН туралы ФИЛЬМДЕР ТҮСІРІЛІП, МОНУМЕНТ ТҰРҒЫЗЫЛАДЫ деп хабарлаған еді.