ОБЛЫС ӘКІМІ АҚЫН БАҚЫТЖАН АЛДИЯРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

ОБЛЫС ӘКІМІ АҚЫН БАҚЫТЖАН АЛДИЯРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақытжан Алдиярды қабылдады. Кездесу барысында руханият, әдебиет, Түркістанның дамуы жөнінде пікірлер мен ұсыныстар айтылды.

– Түркістан – Түркі әлемінің мәдени және рухани орталығы. Өңірді дамытуда шығармашылық өкілдерінің де қосар үлесі мол. Руханият саласына қолдау көрсетіледі. Әдеби байқаулар өткізу де маңызды. Түркістан туралы ел жүрегінде қалатын әндер, өлеңдер, шығармалар жазылуы тиіс, – деген Дархан Сатыбалды ақынды 50 жылдық меретойымен құттықтап, арнайы құрмет көрсетті.

Титтейімнен өлең еді қуғаным,

Құйттайымнан сол жол белді буғаным.

Өкімет пен өкілетке өкпем жоқ,

Бар айыбым – ақын болып туғаным.

 

Бар айыбым – ақын болып жаралғам,

Мен ақын ем туған кезде-ақ анамнан.

Жиырмаға жетер-жетпес осынау

Менен асқан кім бар дедім ғаламнан.

 

Шенеунік боп көріп едім аз мәні,

Жұрт жабылып соттап құрта жаздады.

Бар айыбым – ақын болып туғаным,

Мына қыртыс маңдайыма жазғаны, – деп «Менің сорым» атты өлеңі арқылы өзі туралы оқырманына мол мағлұмат береді. 

Ердің жасы елуге толған ақын Бақытжан Алдияр Түркістандағы оң өзгерістерге жоғары бағасын беріп, құрмет көрсеткен өңір басшысына алғысын білдірді. Оңтүстік өңірінде қаламы қарымды, шығармалары жалынды қаламгерлер шоғыры бар екеніне тоқталып, «ақын-жазушылардың кітаптарын шығару бағытындағы жұмыстар жалғасса», деген пікірін айтты.

Ақын, ҚР жазушылар одағының Түркістан облысындағы уәкілі Айдар Сейдәзім талантты жастарды қолдау, әдебиет саласын дамыту жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімдігінің қолдауымен 3 қаламгердің кітабы жарық көргенін атап өтті. Ал мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев мәдениет және руханият бағытында атқарылатын жұмыстар мен бастамалар туралы баяндады. Жаңа жобалар қолға алынатынын жеткізді.

Айта кетейік, 14 қарашада Түркістандағы «Фараб» кітапханасында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Бақытжан Алдиярдың 50 жылдық мерейтойына арналған «Аналардың анасы» атты шығармашылық кеш өтеді. Әдеби кешке ҚР Жазушылар Одағының өкілдері, танымал ақындар мен жазушылар қатысады.

Осы орайда оқырманның қажетіне жарайды деген оймен ақынның өмірдерегі турасында аз-кем мәлімет беруді жөн санадық.

Ақын Бақытжан Алдияр 1974 жылы 20 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының «Тұрбат» ауылында дүниеге келген. Қ.А.Иассауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті Шымкент бөлімінің филология факультетін бітірген. Қазақстан Жазушылар Одағына 2001 жылы мүше болып қабылданды. Шығармалары төрт ұжымдық жинаққа енгізілген. 1998 жылы «Жібек жолы» баспасынан «Көзайым» атты жеке жыр жинағы жарық көрді.

Өлеңдері 3 жинаққа енген, 4 жеке кітабы бар. Тұңғыш рет өлеңдері 21 жасында «Жыр додасы» - 1995 атты жинақта жарық көрді. 2006 жылы «Құбыла» жыр кітабы, 2012 жылы «Қазығұрттың қоңыры», 2017 жылы «Ақпарақ» кітабы жарық көрді.

Бақытжан Алдияр көптеген халықаралық, республикалық мүшәйралардың, «Сорос-Қазақстан» халықаралық қоры әдеби сыйлығының жүлдегері, Республикалық М.Ғабдуллин атындағы сыйлықтың, ҚР Президенті тағайындаған арнайы стипендияның екі дүркін иегері. Сондай-ақ, Сорос қорының, Түркістан, «Серпер» жастар сыйлықтарының жүлдегері.

Б.Алдияр «ТұранӘлемБанкі» АҚ ұйымдастырған жазба ақындардың мүшайрасында екінші орынды алды.Сондай-ақ, Түркияның бүкілдүниежүзілік түркі жастары әдебиетін қолдау қорының сыйлығына ие болды.

2012 жылы Ерен еңбегі үшін медалімен марапатталған.

Б.Алдияр Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары, басқарма бастығы, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газеті редакторының орынбасары қызметтерін атқарды.

2014-2018 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры қызметін атқарды.

Qazaquni.kz