Астанада Қазақстан-Ресей сарапшылар кеңесі өтті

Астанада Қазақстан-Ресей сарапшылар кеңесі өтті

2024 жылғы 28 қараша күні Астанада Қазақстан-Ресей сарапшылар кеңесінің (ҚРСК) отырысы өтті. Кездесу тақырыбы: «Қазақстан және Ресей: екіжақты ынтымақтастықты нығайту». Іс-шара Ресей Федерациясы Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапарына орайластырылған. Қатысушылар елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың негізгі аспектілерін, энергетика саласындағы әріптестікті кеңейту жолдарын, су ресурстары саласындағы бірлескен бастамаларды, климаттық күн тәртібін және гуманитарлық ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) және Ресей Ғылым академиясының Е.М.Примаков атындағы Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институты бірлесіп, Ресей СІМ ММХҚИ атсалысуымен ұйымдастырды.

ҚРСК отырысына ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов, РҒА Е.М. Примаков атындағы ӘЭХҚИ директоры Федор Войтоловский, Ресей СІМ ММХҚИ проректоры Артем Мальгин, сондай-ақ Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын зерттеуде маманданған жетекші қазақстандық және ресейлік сарапшылар қатысты.

Өз алғысөзінде Е.Тұқымов Қазақстан мен Ресейдің экономикалық, сауда және инвестициялық салалардағы екіжақты қарым-қатынастардағы елеулі жетістіктерін атап өтті.

«2023 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы рекордтық 27 млрд долларға жетті. 2024 жылдың тоғыз айында бұл көрсеткіш шамамен 19,5 миллиард долларды құрады. Ресеймен бірлесе отырып, жалпы құны 5,9 трлн теңгені құрайтын, мұнай-химия, тау-кен өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы салаларына бағытталған 31 бірлескен инвестициялық жоба жүзеге асырылуда», — деді ҚСЗИ директоры.

Ол Қазақстан-Ресей сарапшылар кеңесінің маңыздылығына ерекше тоқтталды.

«Бұл алаң әртүрлі тараптардың, соның ішінде Қазақстан мен Ресей аймақтарының пікірлері мен мүдделері екіжақты күн тәртібінде көрініс табуы үшін сарапшылар диалогының негізгі құралы болып табылады», — деп атап өтті ҚСЗИ басшысы.

РҒА ӘЭХҚИ директоры Федор Войтоловский өз кезегінде РҒА ӘЭХҚИ мен Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтын 30 жылға жуық ынтымақтастық байланыстыратынына тоқталды.

«Бұл ұзақ және ауқымды мерзім. Біздің диалогымыз екі елдің қарым-қатынасында сөзсіз туындайтын қиындықтарды, ебедейсіздіктерді және күрделі мәселелерді жасырмай, Ресей-Қазақстан қарым-қатынастарының кең күн тәртібін және және олар дамып келе жақан халықаралық экономикалық және саяси контекстті талқылауға дайын болуға негізделген», — деді ӘЭХҚИ директоры.

Сондай-ақ, Ф.Войтоловский Қазақстан мен Ресейдің екіжақты күн тәртібінің негізінде прагматизм тұрғанын атап өтті.

«Біздің екі президентіміз де өте прагматикалық категорияларда – экономикалық орындылық, өзара тиімді серіктестік және ынтымақтастық санаттар туралы айтады, ойлайды және әрекет етеді. Бұл прагматизм рухы, нақты нәрселерге, ынтымақтастық мүмкіндіктеріне, бізде бар және біз жиынтықта нығайта отырып, біздің өзара іс-қимылымызды дамытуға бағытталған рух», — деді ӘЭХҚИ директоры.

Қазақстан мен Ресейдің экономикалық ынтымақтастығының негізгі бағыттарына арналған сессия барысында РҒА ӘЭХҚИ директорының орынбасары Сергей Афонцев жаһандық экономикалық географияның одан әрі эволюциясының ықтимал сценарийлерінің бірлескен пайымдауын және бұл үдерістерге белсенді қосылу мүмкіндіктерін әзірлеу мақсатында аналитикалық күш-жігерді біріктіруді ұсынды.

«Мәселе Еуразиялық континенттің көліктік байланысы, жаңа сауда бағыттарын қалыптастыру және олардың әлеуетін транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту үшін ғана емес, сонымен қатар құн тізбегін құру үшін пайдалану туралы болып отыр», — деді С.Афонцев.

РФ СІМ ММХҚИ Еуразиялық зерттеулері орталығының директоры Иван Сафранчук өз кезегінде «орта» және «ұлы» державалардың халықаралық күн тәртібінің негізгі мәселелеріне қатысты ұстанымдарындағы айырмашылықтар мен ұқсастықтарға тоқталып, Қазақстан мен Ресейді мысалға келтірді.

«Бүгінде Қазақстанның сыртқы саяси ұстанымы «орта держава» категориясының рөлімен айқындалады. Менің көзқарасым бойынша, «ұлы держава» мен «орта держава» елдерінің түбегейлі айырмашылығы неде? Бұл олар қабылдауға дайын тәуекел деңгейі. Ұлы державалар сыртқы саяси ұстанымында орташалармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары тәуекелге баруға дайын. Сонымен бірге, орта және ұлы державалардың сыртқы саяси ұстанымдарында көрінетін айырмашылыққа қарамастан, негізгі халықаралық мәселелер бойынша біздің ұстанымдарымызда өте маңызды сәйкестік бар екенін атап өткім келеді. БҰҰ Бас Ассамблеясында дауыс берудің қарапайым индексі бар. Бізде 2009-2014 жылдар аралығында бұл индекс 100% ұқсастыққа жеткен кездер болды.

Яғни, негізгі халықаралық мәселелер бойынша біз бірдей ұстанымда болдық. Бүгінде бұл көрсеткіш 85–90%-ға дейін төмендеді, бірақ әлі де өте жоғары. Әлем қандай болу керек, халықаралық қатынастар жүйесін қалай реформалау керек деген ойымыз бір, бірақ оған жету құралдары туралы ойымыз мүлде бөлек дер едім», — деді И.Сафранчук.

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайсар Нығметов өз сөзінде Қазақстан мен Ресейдің өзара іс-қимылы сауда-инвестициялық салаларда жоғары серпінді болып отырғанын атап өтті.

«Зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстан Еуразия аймағындағы Ресейдің тікелей шетелдік инвестициясын ең көп алушы ел. 2022 жылдан бастап 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына дейінгі кезеңде Қазақстандағы ресейлік ТШИ жинақталған көлемі 10,1 млрд долларға жетіп, 16%-ға өсті», — деді Қ.Нығметов.

Энергетика, су ресурстары және климаттық күн тәртібі саласындағы озық тәжірибеге арналған сессияда KAZENERGY қауымдастығының атқарушы директоры Дамир Нарынбаев қазіргі уақытта Қазақстанның энергетикалық жүйесі ауқымды трансформация кезеңінен өтіп жатқанын және алдағы онжылдықта ол айтарлықтай цифрланған және төмен көміртекті болады деген ой айтты.

«Біз климаттық күн тәртібіндегі белсенді ынтымақтастықты, сондай-ақ көмірді терең өңдеу, өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу, таза энергия өндірісін оқшаулау тұрғысынан жаңартылатын энергия көздерін дамытудың ресейлік тәжірибесін, өнеркәсіпте, орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінде энергия тиімді технологияларды енгізу, оның ішінде қазандықтар мен жылу электр станцияларын жаңғырту, энергия жүйелерін, оның ішінде сұранысты анықтау және басқару жүйелерін басқарудың АТ шешімдерін әзірлеу және енгізуді құптаймыз», — деді Д.Нарынбаев.

«TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Асқар Қысықов өз кезегінде интеграциялық бірлестікті одан әрі дамытудың негізі ретінде ЕАЭО мұнай, газ және электр энергиясының ортақ нарығының жұмыс істеуіне қатысты мәселелерге тоқталды.

Тағы бір сессия гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға арналды. «Еуразиялық мониторинг» аналитикалық зерттеулер орталығының ғылыми директоры, Астана халықаралық университетінің доценті Таисия Мармонтова өз сөзін ғылыми дипломатияға арнады.

«Бірлескен ағарту және ғылыми-зерттеу бастамалары ғылыми даму деңгейін арттырып қана қоймайды, сонымен қатар климаттың өзгеруі, энергетикалық қауіпсіздік және цифрландыру сияқты трансшекаралық проблемаларды шешуге көмектеседі», — деді Таисия Мармонтова.

Қазақстан-Ресей сарапшылар кеңесі 2022 жылдың қазан айында Ресей мен Қазақстанның жетекші сараптамалық және талдау орталықтарының өзара әрекеттестігінің алаңы ретінде құрылды. ҚРСК-ның негізгі мақсаты – екіжақты және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау, ғылыми зерттеулерді үйлестіру және екі елдің ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтарының жүйелі ынтымақтастығына жәрдемдесу, қолдау көрсету.