ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВТЫҢ 135 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛДЫ
2024 ж. 28 қараша
227
0
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен жазушы, драматург, публицист Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толуына орай «Қазақтың көрнекті жазушысы» атты танымдық сағаты өтті.
Р.Исетов атындағы №20 жалпы білім беретін мектебімен бірлесе ұйымдастырылған шараны аталмыш мектептің тәрбие ісі жөнінде орынбасары Маккамбаев Абдуғаппар және ҚР мәдениет саласының үздігі, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының сектор меңгерушісі Нәльтаева Пернекүл Сейтбекқызы ашып берді.
Жүсіпбек Аймауытов қазақ әдебиетінде көркем прозада алғаш лиризм әкелген, сондай-ақ пейзаждың үздік үлгісін, психологияның терең иірімдерін тамыршыдай дәл басқан нәзік стилист суреткер. Жүсіпбек Аймауытов «Өз жайымнан мағлұмат» атты жазбасында 13 жасынан өлең жаза бастағанын, Абайға еліктегенін, болыс боламын деп елге алданған алыпсатардың әпенде әрекетін әжуалайтын өлеңін 1913 жылы «Қазақ» газетіне жариялағанын айтады. Ол Алаштың ұранын жазған. Жүсіпбек өлеңдерінің өзіндік өрнегі бар. Айталық, «Сарыарқа сәлемі», «Жәмила», «Ахахау», «Ұршық», «Көшу» атты шығармалары ұсақ детальдарды суреттеу арқылы үлкен қоғамдық құбылыстардан хабар береді.
Ал қаламгердің:
Қазағым, қақтықпа, қамалма!
Ел болар қамыңды амалда!
Кетті түн, атып таң, шығып күн,
Сал малды, сал жанды, аянба!
Мал баққан, жай жатқан ел едік,
Бейнетті көп тартқан ер едік,
Қаны жат, тілі жат, діні жат
Жат елден таяқты жеп едік.
Жатқа жем бай едік, кен едік,
Бағын жоқ биліктен кім едік,
Партия сұрқия, қым-қиғаш,
«Басы аман» көп надан сен едің.
Зарыққан, талыққан шағына
Тап болды бостандық бағына!
Ұйымдас, ұрандас, жағалас!
Сен де мін бабанның тағына!
Құның жоқ, қорлықта өшіп ең,
Терезең төремен болды тең.
Намыстан, қайраттан қатарға ен
Басқадан кем болған сенің нең?
Ұраным, қорғаным, сен Алаш!
Жолына кұрмалдық мал мен бас!
Өнер тап, өрге шап, қару ат.
Аллалап алға бас, ал Алаш!!! – деп келетін жыр жолдарынан қалың қазақ еліне қорған болып, ел-жұртын алға жетелегенін көре аламыз.
Арнайы кітап көрмесі таныстырылып, мектеп оқушылары автордың өлеңдерін оқыды. Кеш қонақтары «Құрмет» орденінің иегері, тарих ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласының Құрметті Азаматы Адырбекова Баян Садыққызы және Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы»КММ-нің «БАҚ және қоғаммен байланыс» бөлімінің басшысы Ақтөре Қайрат өз ойларын ортаға салып, жиналған көпшіліккі шараның маңызын жеткізе білді. Шара соңында оқушыларға кітапхана директорының алғыс хаты табысталды.
Жүсіпбек Аймауытов туралы сөз қозғағанда оның артында қалған қанатты сөздерінен аттап өтуге сірә болмас.
«Адамда аз да болса бір үміт, бір таяныш болу керек. Ондай таяныш болмаса тіршілік етіп не керек» деген жазушының қанатты сөзінен өмірдің мәні не екенін ұғынуға болады.
Жүсіпбек Аймауытов бала тәрбиесіне айрықша мән бергенін оның айтқан сөздерінен айқын аңғара аламыз. Мәселен: «Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт— жас күнде көрген өнеге» деген сөзінен баланың тәрбиесі ның ата-анасына қарап қалыптасатынын ұғынуға болады.
Осы орайда оқырман қауымның назарына «Жүсіпбек Аймауытов кім?» деген сұраққа жауап болсын деген мақсатпен жазушы туралы толығырақ мағлұмат беруді жөн санадық.
Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931) — қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.
Туып өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы.
Әкесі Аймауыт кедей болғанымен, арғы аталары Дәндебай мен Қуан атақ-абыройлы, бай, ел арасында білікті кісілер екен. Жүсіпбек жастайынан арабша хат тану, оқу үйренген. 1907 ж. бастап Баянауылдағы орысша-қазақша екі кластық мектебінде, Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық мектебінде, Керекудегі екі класты орыс қазақ мектебінде тиіп-қашып оқиды. Бір жағынан бала оқытып, қаражат табады.
1911—1914 жж. ауылда мұғалім болып істейді.
1914 жылы Семейдегі оқытушылар семинариясына қабылданады. Оны 1918 жылы аяқтап шығады. Мұнан соң алашордашылардың істеріне араласып, Семейде «Абай» журналын шығарысып, Қ. Сәтбаевпен, М. Әуезовпен танысады. Кейін Алашордадан бөлініп, Коммунистік партия қатарына өтеді (1919).
Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайы съезіне делегат болып қатысып, Қазақ АҚСР Халық ағарту комиссариаты комиссарының орынбасары болып тағайындалады (1920).
Мұнан соң Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі (1921), «Қазақ тілі» газетінің редакторы. Қарқаралыда мектеп мұғалімі (1922—1924), Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі (1924—1926), Шымкент педагогикалық техникумының директоры (1926—1929) қызметтерін атқарады.
1929 ж. басталған кеңестік қуғын-сүргін кезінде Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін 1931 жылы ату жазасына сырттай үкім шығарылған. Шымкенттегі педагогика техникумының директорлығы - міне, мұның бәрі Аймауытовтың жаңа өмірді орнықтыру жолындағы күрес жолын, өмір белестерін көрсетеді. 1929 ж. басталған зобалаң кезінде қармаққа ілінген Жүсіпбек 1931 ж. атылған. Астан-кестең ауыр, бірақ ерекше қуатты да қызық, әлеуметтік төңкерістер, ұлы революциялар заманында өмір сүрген Аймауытов өзінің осы қысқа ғұмырында артына аса бай, бағалы әдеби, ғылыми мұра қалдырып үлгірді. Ол В. Шекспир, В. Гюго, Г. Мопассан, А. С. Пушкин, Н. В. Гоголь, Л. Н. Толстой шығармаларын, «Интернационалды», бірқатар ғылыми еңбектерді аударды, педагогика, психология, методика, эстетик. тәрбие туралы зерттеулер тудырды; әдебиет, эстетика, сын саласына араласты; сан алуан публицистик. мақалалар жазды; «Қартқожа», «Күнекейдің жазығы», «Шернияз», «Ел қорғаны», «Мансапқорлар» пьесалары, «Комплексті оқыту жолдары», «Жан жүйесі», «Өнер таңдау», «Мағжанның ақындығы туралы» еңбектері - күрделі таланттың қазақ әдебиеті тарихындағы өлмейтін орны бар шығармалар. 1918-19 ж. Семей қаласындағы М. Әуезовпен бірлесіп «Абай» журналын шығарды. Осы журналда «Екеу» деген бүркеншік атпен, Әуезовпен бірлесіп, «Абайдың өмірі және қызметі» (1918, № 2), «Абайдан кейінгі ақындар» («Абай», 1918, № 3) деген мақалалар жазды. Бұл мақалаларда Абай өмірінің бірталай қыры сөз болып, оның поэтик, мұрасының аса құндылығы көрсетіліп, кейінгі ақындардың ұлы ұстаздан үйренуі шарт екендігі нұсқалды, Пушкин орыс әдебиетінде қандай тарихи қызмет атқарса, Абай да қазақ әдебиеті үшін сондай тарихи іс тындырғаны орнықты дәлелденген. Қазақ әдеби тілінің қалыптасуына, оның поэтикалық мәдениетінің ержетуіне Абай шығармаларының қаншалықты әсері барлығын көрсеткен. Абай поэзиясының ұлттық дәстүрмен қоса Шығыс, Батыс әдебиеттерімен байланысы қарастырылған. Аймауытов - қазақ әдебиетінде Абайдыңшығармашылық мұраттарын ілгері жалғастырған ең ірі тұлғалардың бірі.
qazaquni.kz