САРЫАҒАШТА «ҚЫЗЫҚҚА ТОЛЫ СТУДЕНТТІК ӨМІР» АТТЫ ФЕСТИВАЛЬ ӨТТІ

САРЫАҒАШТА «ҚЫЗЫҚҚА ТОЛЫ СТУДЕНТТІК ӨМІР» АТТЫ ФЕСТИВАЛЬ ӨТТІ

17 қараша - Халықаралық студенттер күні. Осынау айтулы күнге орай, Түркістан облысы Сарыағаш ауданында «Қызыққа толы студенттік өмір» атты аудандық фестиваль өтті.

Мұндағы мақсат – студент жастардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін және білімге, өнерге деген құштарлығын арттыру. 

Жыл сайын бүкіл әлемде 17 қарашада Халықаралық студенттер күні атап өтіледі. Мереке 1941 жылы Лондонда (Ұлыбритания) өткен фашизмге қарсы күрескен елдердің студенттерінің халықаралық кездесуінде құрылды, бірақ 1946 жылдан бастап тойлана бастады. Бұл күн чехиялық патриот студенттерді еске алуға арналған.

Халықаралық студенттер күнін мерекелеу аясында жастарға еліміздің болашағы ретінде зор сенім білдіріледі.

 Сарыағаш ауданында өткен студенттерге арналған мерекелік шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, «Дарын» жастар сыйлығының иегері, айтыскер ақын Біржан Байтуов, Облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысының орынбасары Пердебек Есқұловтар қатысып, жастарды мерекемен арнайы құттықтады.

-Әр адамның есінде ерекше естеліктерімен жатталып қалатын студенттік шақ ешқашан ұмытылмайды. Қызығы мен шыжығы мол студенттік кезең әрдайым әсерлі де қызықты әңгіменің арқауы болары хақ. Сіздер жастық шақтың ең қызықты белесі – студенттік өмірге қадам басып, қызыққа толы күндерді бастан өткеріп жатырсыздар. Бұл күндер сіздер үшін мәңгі ұмытылмас, сағынышқа толы кезең болып қалатынына еш күмәнім жоқ. Ересек өмірге білікті маман ретіндегі қадамдарыңыз бүгіннен басталатынын ескеріп жүріңіздер. Сіздерден күтеріміз көп, сол күткен биіктерден көрінсеңіздер – сіздерге абырой, бізге мақтаныш,-деп өңір басшысы студенттерге жылы лебізін білдірді.

Фестиваль студенттердің ақпараттық технологиялар саласы бойынша сонымен қатар, өз мамандықтарының жаңашыл еңбектерімен қолөнер бұйымдарынан ұйымдастырылған көрмеден басталды. Фестиваль шарттарына сәйкес қатысушы колледждер жоғары дайындықпен келіп, ұмытылмас студенттік шақтың қызыққа толы ғұмырын көрініс арқылы, сондай-ақ өздерінің өнерімен көрермендерді тәнті етті.

Фестивальдің қорытындысы бойынша: "Білімді ұрпақ" кезеңі бойынша І орын Қапланбек жоғары аграрлық техникалық колледжі,

"Менің Колледжім" кезеңі бойынша Абу Али Ибн Сина колледжі

"Ұмытылмас студенттік шақ" кезеңі бойынша 1 орын Арыстанбаб жоғары колледжі "Ұмытылмас студенттік шақ" кезеңінің тақырыптық көрінісі бойынша 1 Сарыағаш медресе колледжі жеңіпаз атанды. Жеңімпаздар аудан әкімінің арнайы алғыс хаттарымен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.

Айта кетсек, қазіргі таңда ауданда 6 арнаулы орта оқу орнында 5076 студент білім алуда, 1283 студент жатақханамен қамтылған. Сонымен қатар, 2024 жылы аудандағы 5 колледжге 1075 мемлекеттік тегін оқу гранттары бөлініп, студенттеріміз тегін білім алуда.

Білім алып жатқан жастардың әрбірі болашаққа бір кірпіш болып қаланатыны анық. Олардың әрқайсысы болашақта кәсіби маман атанып туған елімізді өркендету жолында еселі еңбек етпек.

  qazaquni.kz