«ТАРИХЫҢДЫ ТАНЫ – ТҰЛҒАҢДЫ ҚҰРМЕТТЕ» АКЦИЯСЫ ЖЕТІСАЙДА ӨТТІ

«ТАРИХЫҢДЫ ТАНЫ – ТҰЛҒАҢДЫ ҚҰРМЕТТЕ» АКЦИЯСЫ ЖЕТІСАЙДА ӨТТІ

Таяуда Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бастамасымен, Жетісай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте» акциясы Жетісай ауданында жалғасты. Бұл ауқымды шара Жетісай қаласының 55 жылдығына орай өткізілді. Тағылымды шараға Сарыағаш ауданының зиялы қауым өкілдері және кітапхана қызметкерлері арнайы қатысты.

Осынау іс-шараға арнайы шығарылған әдістемелік – библиографиялық құралдар Сарыағаш ауданынан келген зиялы қауым өкілдеріне және кітапхана қызметкерлеріне тарқатылды. Атап айтқанда, «Жер жұмағы-Жетісайым – 55 жаста», (Жетісай қаласының 55 жылдығына арналған), "Жер жәннаты Жетісайдың қаламгерлері" (Жетісай ауданының қаламгерлеріне арналған), "Ақын – елдің ардағы" (Жергілікті ақын, сазгер Мұхтар Құраловтың шырмашылығына арналған), "Театр – тарих тағылымында" (Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры туралы), Жетісай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі туралы бүктеме жиынға қатысушылардың назарына ұсынылды.

Іс-шара аудан, қалалар арасында байланысты тереңдету, бір-біріне тарихи саяхат жасау арқылы, өз өлкесін өзге ауданға кеңінен таныстыру, келешек жас ұрпақ бойына «Туған жер» деген ұғымды тереңірек сіңіре отырып, олардың арасынан ел жанды тұлғалар қалыптастыруға үлес қосу мақсатында өткізілді. Акция аясында «Туған жерім, жұмағым- Жетісайым» атты кең көлемдегі инсталляциялық кітап көрмелерімен танысып, ақын ,ұстаз Аташов Сержан Құлдырақұлының шығармашылығына арналған "Туған жерін жырға қосқан", "Балалар әдебиетіне саяхат" атты кітап көрмелері , ақын, сазгер Мұхтар Құраловтың "Бұлқынды жүрек " атты әніне кітап инсталяциясы, қазақтың шаңырақ үлгісіндегі ауданнан шыққан тұлғаларға арнайы жасақталған фотошежірелерді тамашалады. 

 Акцияны аудан әкімінің орынбасары Елшібаев Тұрышбек Күлішұлы ашып, ізгі тілегін білдірді. Жетісай ауданының терең тарихынан сыр шертетін "Жер жұмағы-Жетісай " атты бейнебаян көрсетілді. Жергілікті ақын-жазушыларының шығармашылығынан өлең- жырлар оқылды. Аудандық мəдениет үйінің өнерпаздары Жетісай туралы ән шырқады. 

 Акция аясында ақын ,ұстаз Аташов Сержан Құлдырақұлымен "Туған жерін жырға қосқан" атты кездесу кешімен жалғасты.

Кеш барысында ақын ағамыздың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеслайд көпшілік назарына ұсынылды.Кітапхана оқырмандары ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды.

Сарыағаштан келген Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Әбілсапар Тұрғынбаев, дәрігер, қаламгер Жарылқасын Мелдешов, Сарыағаш аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Кульгинова Қалбибі Сейдірқызы, Сарыағаш аудандық музей директоры Гүлжан Ибадуллақызы, Сарыағаш аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Мауленова Күлшат, "Ару Аналар" әжелер тобының жетекшісі Мергенбаева Гүлшат Жетісай халқына ыстық лебіздерін білдіріп, сыйға кітаптар, журналдарды кітапхана қорына берді. 

Акция аясында Ш.Ділдәбеков а/о., Бірлік ауылдық мәдениет үйінде орналасқан кітапханамен танысып, "Жетісай аудандық музей" филиалына саяхат жасады.

Осы орайда Жетісай қаласының тарихына аз-кем тоқтала кетуді жөн санадық.

Жетісай ауданы – Түркістан облысы құрамындағы аудан. Халқының саны 187 384 адам. Орталығы – Жетісай қаласы.

Түркістан облысының қиыр оңтүстігінде Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан. Шығысында Мақтаарал ауданымен, оңтүстігі мен батысында Өзбекстанмен, солтүстігінде Шардара ауданымен шектеседі. Шардара ауданынан Шардара су қоймасы бөліп жатыр.

Аудан Өзбек КСР Сырдария облысының құрамында 1964 жылы сәуір айында құрылған. 1971 жылы Қазақ КСР Оңтүстік Қазақстан облысы құрамына қайтарылды. 1997 жылы сәуір айының 24-інде аудан таратылып, аумағы Мақтаарал ауданына берілді. 2018 жылы 5 маусым күні Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Жетісай ауданы қайтадан жеке әкімшілік бірлік болып Мақтаарал ауданынан бөлініп шықты.

qazaquni.kz