АЙМАҚТЫҢ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА ҮЛЕС ҚОСЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН АГРОНОМ

АЙМАҚТЫҢ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА ҮЛЕС ҚОСЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН АГРОНОМ

17 қараша Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні. Осынау атаулы мерекеге орай Түркістан облысының ауылшаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосып отырған жетісайлық агроном Қозыбай Әшековпен тілдескен едік. Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз мақта теретін комбайндарға аса қажетті шпиндельді щетка мен қалыңдығы 1 мм болатын жіп шығару арқылы саланың дамуына септігін тигізіп отыр.

Осыдан 3 жыл бұрын әлемдік деңгейде орын алған эпидахуал кейбір кәсіпкерлердің ісіне кері әсер етсе, енді біреулеріне жаңа жобаларды жүзеге асыруына ықпал етті.

Карантин кезінде үйде қарап жатпай ауыл шаруашылығы саласындағы білімін бизнеспен ұштастырған сондай жандардың бірі Жетісай ауданына қарасты Жылы су ауылдық округінің тұрғыны Қозыбай Әшеков. Қарапайым ауыл агрономы, қолы бос кездерде жеке көлігімен ауданішілік бағыттар бойынша адам тасымалымен айналысып қана қоймай ұлы Алтаймен бірге қазіргі таңда пластикалық қалдықтардан (босаған баклашкалардан) мақта теретін комбайндарға аса қажетті шпиндельді щетка мен қалыңдығы 1 мм болатын жіп шығарып жатыр.

Бұған дейін аталмыш щетканы көршілес Өзбекстан елінен тапсырыспен алып келген комбайн жүргізушілері ауыл азаматының қолынан шыққан өнімнің сапасының жоғары, бағасының арзан екендігін айтады. Бір комбайнға 96 дана кететін бір маусымға жарамды өзбекстандық щетканың әрбір данасы базар нарығында 5-6 мың теңге болса, Қозыбай Әшековтың қолынан шыққан екі маусымға жарамды өнімнің бағасы соның тең жартысы, яғни, 2,5–3 мың теңге тұрады. Осылайша отбасылық бизнесті дамытып отырған ауылдың қарапайым агрономы қолынан іс келетін ауылдың тағы бір тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Қолдағы барымен кәсіп ашқан азамат алдағы уақытта мемлекеттік қолдаумен несие алуға, кәсібін кеңейтуге ниетті.

«Мемлекетіміздің жүйелі саясатының нәтижесінде жыл сайын кәсіпкерлерге жасалатын мемлекеттік қамқорлықтардың қатары артып, берілетін несиелердің суммасы да көбейіп келеді. Біз де сол бағдарламаларға қатысып, жеңілдетілген пайызбен несие алуды, алдағы уақытта кәсібімізді кеңейтуді, өнім көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз» дейді Қозыбай Әшеков.

Бүгінде қол күшімен ғана жұмыс жүргізіп отырған азаматтар күніне 25 данаға дейін шпиндельді щетка жасап жатыр. Алғашқы жылдары 25-30, өткен жылы 60-қа тарта комбайнға өнім дайындаған азаматтар тапсырыстың күн санап артып отырғанын айтады.

Айта кетейік, Қозыбай Әшековтың отбасы шпиндельді щетка шығарумен ғана емес, сонымен қатар, жылы жай, бау-бақша өсіру ісін де дұрыс жолға қойған. Бүгінде ауылдың 60 пайызын жыл бойы көкөніспен қамтамасыз етіп келеді. 

«Еңбек етсең емерсің» демекші еңбегімен еліне елеулі болған ауылшаруашылығы саласы маманының ісі көпке үлгі деп айта аламыз.

qazaquni.kz