ЕЛГЕ БЕРЕКЕ СЫЙЛАҒАН МЕРЕКЕ
2024 ж. 25 қараша
209
0
Күз – молшылықтың да, тоқшылықтың да айы. Алпыс жылдығын дүркіретіп атап өтіп жатқан Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданының осынау мерекесі берекелі «Алтын күз – 2024» іс-шарасына ұласты. Осы орайда аудан өңірдің ауылшаруашылығы саласының ілгерілеуіне септігін тигізіп жатқанын атап өтуіміз ләзім.
Ерте көктемнен қара күзге дейін дала төсінде тер төгіп еңбек еткен жергілікті дихан қауымның мерекесіне орай шаруалар мен дихандар, аталған салада жүрген кәсіп иелері азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесінде өз өнімдерін ұсынса, асыл тұқымды мал басының, агросекторға қажетті жаңа техникалардың көрмесі ұйымдастырылды.
Күзгі жиым-терім науқанының қорытынды көрсеткіші айқындалатын молшылық мерекесіне аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, жергілікті мемлекеттік мекеме басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, журналистер қауымы қатысты.
Аудан басшысы мерекеге орай ұйымдастырылған көрмені аралап, азық-түлік өнімдерінің өнімділігі жөнінде шаруалармен пікірлесті. Әсіресе, агро сектордағы, мал шаруашылығы саласындағы тың, жаңа жобалардың жұмысына сәттілік тіледі.
Бірлік пен татулық мекені - Ордабасы өндіріс саласымен қатар ауыл шаруашылығы да қарқынды дамып келе жатқан аграрлы аудан. Ауданның ауылшаруашылығы саласындағы кез-келген жетістік бұл, шаруалардың, дихандардың адал әрі тынымсыз еңбегінің және мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың арқасы деуге болады.
Ауданның құрылғанына 60 жылдығы мен «Алтын күз - 2024» мерекесіне орай ұйымдастырылған шарада аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы барша ауыл шаруашылық саласының еңбек адамдарын мерейлі мерекемен құттықтап, ауданның осы саладағы жетістіктеріне тоқталып өтті.
«Барша аудан тұрғындарын ауданның құрылғанына 60 жыл және берекенің бастауы саналған «Алтын күз» мерекесімен құттықтаймын. Несібесін еткен еңбегінен күткен Ордабасылықтар үшін биылғы жыл жемісті болып, мол өнімділікке қол жеткіздік. Ауданымыз аграрлы аудан болғандықтан экономикамыздың қозғаушы күшімен табыс көзіде ауылшаруашылығы саласы. Ауылшаруашылық саласындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып өтіп 10 айдың қорытындысымен ауылшаруашылығы жалпы өнімінің көлемі – 54 млрд. 819 млн. теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 7,6 млрд. теңгеге артып отыр. Ауылшаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар – 9 млрд. 700 млн. теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3 млрд. 578 млн. теңгеге артығымен орындалып отыр. Тамақ өнімдерінің негізгі капиталына тартылған инвестиция 328 млн. теңгені құрады.
Дихандарымыз ағымдағы жылы 71 591 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда егіс көлемі – 1 203 гектарға ұлғайды.
Атап айтар болсам, бидайдың егіс көлемі – 27 092 гектардан – 56 893 тонна (орташа түсімі 21 цн/га), арпа – 3 114 гектардан – 4 359 тонна (орташа түсімі 14 цн/га), майлы дақылдар – 5 228 га, оның ішінде күнбағыс – 149 гектардан – 298 тонна (орташа түсімі 20 цн/га), мақсары – 5 079 гектардан – 5 588 тонна (орташа түсімі 11 цн/га), ашық топырақта өсірілген көкөністер – 3 148 гектардан – 80 274 тонна (орташа түсімі 255 цн/га), картоп – 632 гектардан – 12 956 тонна (орташа түсімі 205 цн/га), бақша дақылдары – 1 780 гектардан – 37 736 тонна (орташа түсімі 212 цн/га), дәндік жүгері – 6 982 гектарға егіліп, жалпы – 68 423 тонна (орташа түсімі 98 цн/га) көп жылдық мал азықтық дақылдар – 17 215 гектардан – 146 327 тонна (орташа түсімі 85 цн/га) мақта – 6 400 гектарға егіліп, 22 400 тонна (орташа түсімі 35 цн/га) өнім алынды.
Сонымен қатар егістік жерлерді тиімді пайдалану мақсатында 1 алқаптан жылына 2-3 рет өнім алу жобасы қолға алынды. Ағымдағы жылы 411 гектар жерге 141 шаруа қожалығы өнімдерін егіп, нәтижесінде 1-ші дақылдан – 9 854,5 тонна, 2-ші өнімнен – 7 698,2 тонна өнім жиналды.
Жыл басынан бері – 18,4 гектар жерге жылыжай құрылысы жүргізіліп, аудандағы жалпы жылыжай алаңы – 127,4 гектарды құрады. Сонымен қатар, тамшылатып суғару әдісі – биылғы жылы – 1 073 гектарға енгізіліп, жалпы көлемі – 4 273 гектарға жетті. Жаңбырлатып суғару технологияларын ендіру бойынша – биылғы жылы – 110 гектарға енгізіліп, жалпы көлемі 1 202 гектарға жетті.
Ағымдағы жылдың ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау бойынша 117 бірлік жоспарланып, 9 айдың қорытындысымен 127 бірлік техникалар алынып, жоспар 109 %-ға орындалды.
Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асып жатқан ауыл халқының әлеуетін арттыруға бағытталған «Ауыл Аманаты» бағдарламасының ауданымыздағы көрсеткіші жақсы деп айтуға болады.
Ауданымызда жоба аясында скрининг жұмыстары жүргізіліп, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының І-кезеңіне Бадам және Шұбар ауылдық округтері ІІ-кезеңіне Қараспан және Бөржар ауылдық округтері енгізілді. Жобаны іске асыратын 4 ауылдық округтен 8 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Жобаның нәтижесінде, 2023 жылы аудан көлемінде 261 адамға 1 млрд. 722 млн. теңге қаржыландырылды.
Жиын соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының қойған концерттік бағдарламасына ұласты. Салтанатты жиында ауыл шаруашылық саласындағы жетістіктермен қатар Орталық алаңда қазақы үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрінен ойындар көрсетілді.
qazaquni.kz