Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің сарапшылар тобы Президент Жолдауын талқылады
2024 ж. 10 қыркүйек
1684
0
2024 жылғы 10 қыркүйекте І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша сарапшылардың қатысуымен «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды.
Шараға І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ғалымдары, профессорлары, сала мамандары мен студенттер қатысты. Аталмыш шарада ректор Ермек Бөрібаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған ең келелі мәселе Атом электр станциясын салуға байланысты өтетін Референдумның маңызына тоқталды. Жиында сөз алған физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Есен Смағұлов еліміз үшін АЭС салудың қажеттілігін нақты дәлелдермен жан-жақты түсіндірді. «Қазіргі уақытта елімізде су, көмір, газ тапшылығы сезіліп отыр. Халық саны көбейген сайын сұраныс арта береді. Сондықтан атом электр станциясын салу қажет. Оның қуаттылығы көмір мен газдан әлдеқайда жоғары. АЭС-тен алынатын энергия экологиялық ең таза әрі қауіпсіз болады»,-деді.
Экономика және туризм кафедрасының меңгерушісі Гүлнар Тулешова АЭС салу арқылы ел экономикасын көтеруге болатындығына назар аударды. Жастар саясаты бөлімінің басшысы Жайық Тазабеков: Қазақстанда АЭС салынатын уақыт келді, атом энергетикасы тұрақты электроэнергия көзі болып табылады. Сондай-ақ, жастар үшін жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазіргі уақытта технологиялардың дамуына қарай, гаджеттерге сұраныс артуда, бұл өз кезегінде электроэнергия тұтынуды талап етеді. Сол себепті АЭС құрылысына қолдау таныту керек»,-деді.
Жиын соңында студенттер Жолдауда айтылған басым бағыттар бойынша ой-пікірлерімен бөлісіп, қолдау білдіретіндерін жеткізді.