Шалғайдағы жұртқа дәрігерлік қызмет көрсетілді
2024 ж. 28 тамыз
484
0
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы әрбір аймақты аралауда. Мұндағы мақсат – шалғай стансалардағы тұрғындарға медициналық көмек көрсету.
Медициналық пойыздың сапары одан әрі жалғасуда. Бүгінге дейін пойыз алты облыстың, яғни Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарындағы 48 стансаны аралады.
Жоба барысында 10 мың баланы қоса алғанда барлығы 32 мың адам пойыздағы медицина мамандарына қаралды. Сонымен қатар оларға 91 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілді. Соның ішінде стоматологиялық қызметтер, зертханалық зерттеулер, кішігірім хирургиялық оталар, ультрадыбыстық және рентгенологиялық зерттеулер жасалды.
Медициналық тексеру барысында аурулардың ерте диагностикасы мен дер кезінде емделуіне айрықша көңіл бөлінуде. Бүгінде жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті және балалардың ауруларын қосқанда түрлі дертке шалдыққан 1933 науқас анықталды. 255 баланы қоса алғанда барлық науқастар тұрғылықты жері бойынша емханалардың тұрақты бақылауына алынды.
Медициналық пойыздың арнайы құрал жабдықтарының арқасында қауіпті ауруларды жедел анықтап, шұғыл көмек көрсетуге мүмкіндік болды.
Медициналық пойыздың сапары әлі де жалғасуда. Жыл аяғына дейін Қазақстанның 11 облысындағы тағы 44 стансаны қамту көзделуде. Жоба командасында педиатр, кардиолог, рентгенолог, хирург және басқа да мамандар бар. Олар еліміздің ең шалғай жерлеріндегі тұрғындардың қажетті медициналық көмек көрсетуді мақсат етіп отыр.
Еске сала кетсек, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы» әлеуметтік жобасы ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып отыр. Жобаның басты мақсаты – шалғай стансалардағы тұрғындарға білікті мамандардың медициналық көмегін беру. Сонымен қатар, емделуге мүмкіндігі шектеулі өңірлердің медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру.
qazaquni.kz