Құрсақішілік үш ота сәтті жасалды

Құрсақішілік үш ота сәтті жасалды

Ана мен бала саулығы қашан да басты назарда екені белгілі. Бүгінгі медицинадағы атқарылып жатқан істердің басым бөлігі ана мен баланың денсаулығын сақтауға, нығайтуға бағытталады. 

Бүгінде құрсақтағы нәрестеге жасалған оталар сәтті жүргізілуде. Солардың бірі – Алматыдағы балалар кардиохирургиясы және перинатология орталығындағы ота. Бұл туа бітті болатын патологияның алдын алуға, сәбидің дүниеге дені сау болып келуіне ықпал етеді. Аталмыш орталық дәрігерлері Минск республикалық ғылыми-тәжірибелік «Ана мен бала» орталығы феталды медицина бөлімшесінің меңгерушісімен бірге Алматы қаласы, Алматы және Ақмола облыстарынан келген үш жүкті әйелге ота жасады.

Ота барысында фето-фетальды трансфузия синдромынан (ФФТС) асқынатын көпұрықты жүктілік кезіндегі баланың жолдасы анастомозының лазерлі коагуляциясы әдісі қолданылды. Бұл әдіс ұрықтар арасындағы тамырлардың патологиялық бірігуін жоюға септігін тигізді. Нәтижесінде қатты асқынудың алдын алып, егіздердің екеуінің де өмірін сақтап қалды. 

Ал екіншісі – шарана сұйықтығы патологиясы кезіндегі амниоредукция және амниоинфузия ем-шарасы. Бұл ота ұрықтың дамуына қолайлы жағдай туғызып және асқыну қаупін азайта отырып шарана сұйықтығы мөлшерін реттеуге көмектеседі.

Үшіншісі – ұрықтың бүйрек патологиясы кезінде қуықты дренаждау. Бұл ота өз кезегінде ұрықтың несеп айдау жүйесінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ұрықтың дұрыс даму мүмкіндігін жақсартып, бүйрек жетіспеушілігі асқынуының алдын алады.

Құрсақішілік үш ота да сәтті жасалды. Науқастардың жағдайы да қалыпты. Нәрестелердің жүктілік кезіндегі денсаулығы дәрігерлердің бақылауында. Жасалған ем ұрықтың одан әрі дұрыс дамуын қамтамасыз етпек.

Жоғарыда атап көрсеткен үш бірдей ота денсаулық сақтау министрлігінің «Фетальды медицина» жобасының аясында жүзеге асып отыр. Қазақстандық әйелдер енді әлемдік стандарттарға сай келетін жоғары технологиялы көмекке қол жеткізе алады. Мұндағы мақсат – дүниеге дені сау ұрпақ әкелу. «Фетальды медицина» жобасы – озық медициналық технологияларға қолжетімділікті ұлғайтуға және Қазақстандағы жүкті әйелдердің босанар алдындағы көмек деңгейін жақсартуға бағытталған. Осылайша болашақ аналар баласының денсаулығын өмірінің басынан бастап сақтамақ. 

Qazaquni.kz