«САРЫАҒАШ - ДАРБАЗА - МАҚТААРАЛ» БАҒЫТЫНДАҒЫ ТЕМІР ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ БОЙЫНША ЖҰМЫСТАР ПЫСЫҚТАЛДЫ
2024 ж. 26 тамыз
430
0
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Сарыағаш-Дарбаза-Мақтаарал» бағытындағы темір жол құрылысын жүргізу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауапты сала басшыларының қатысуымен мәжіліс өткізді. Жергілікті әкімдік тарапынан теміржолдың жүретін жері белгіленіп, жерді рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Осыған сәйкес тиісті аудан әкімдерінің баяндамалары тыңдалды. Жұмыстарды ширату бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.
Түркістан облысында ұзындығы 152 шақырым болатын Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісінің құрылысы былтыр қарашада басталды. Оның аясында қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы жаңа өткізу пункті ашылады. Бұл теміржол торабы бойынша жүк ағынын болашақта 20-25 млн тоннаға дейін артуы мүмкін.
Маңызды жоба Түркістан облысын республиканың магистральдық теміржол желісіне қосу арқылы оның дамуына үлес қоспақ. Жоба Сарыағаш стансасындағы кептелістерді азайтып, Өзбекстанға экспорттық жүк тасымалдауды арттырады.
Жаңа теміржол желісін салу қолданыстағы Сарыағаш – Ташкент учаскесінен жүктерді жаңа тармаққа қайта бағдарлауға, «Сарыағаш» станциясының жүктемесін азайтуға және жалпы Өзбекстан бағытында экспорттық тасымал көлемін арттыруға жол ашады. Өз бұл бағыт республикалық теміржол желісіне қосылып қана қоймай, Түркістан облысын кесіп өтетіндіктен, осы өңірдің дамуына оң ықпал етпек.
Еске сала кетейік, 2021 жылдың тамыз айында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Түркістан облысын аралап, Жетісай мен Мақтарал аудандарына барғанда осы темір жол мәселесін көтерген болатын.
Депутаттың елмен кездесуі кезінде тұрғындар атынан сөйлеген Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, белгілі бапкер Бақыт Жаңбырбай Қазыбек Исаның елімізге әйгілі көрнекті ақын екенін, әке-шешесі осы өңірде, бұрынғы Киров (Асық ата) ауданы XX партсъезд кеңшары, қазіргі Қызылқұм ауылдық округі Алғабас ауылында мақта майталманы болып, еңбек еткенін айта келіп, халық қалаулысынан Жетісайға темір жол тарту мен әуежай салуға ықпал етуін сұраған еді.
Ал Мақтарал ауданындағы Мырзакентте болған халықпен кездесуде сөйлеген ел ағасы, ақын Пердеш Есенбек те осы өңірге темір жол тартуды және әуежай салуды ұсынған еді.
Жиын соңында көптеген сұрақтарға нақты жауап берген Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса солардың ішінде маңыздысы Жетісайға темір жол тарту мәселесін үкіметтің алдына қоятынын айтқан еді. Кейін үкіметке осы мәселе бойынша жазбаша сауал жасалған болатын.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігінде "МЫРЗАШӨЛ ӨҢІРІНЕ ТЕМІРЖОЛ мен ӘУЕЖАЙ КЕРЕК" атты мақала жариялаған.