Түркістан облысының әкімі Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады

Түркістан облысының әкімі Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңір жұртшылығын Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады.

Құрметті Түркістан облысының тұрғындары! 

 Қадірлі жерлестер! 

Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! 

Қазақ тарихында орны бар тұлғалардың бірі – Майқы бидің «Бірлік түбі – береке» деген қанатты сөзі бар. Сондықтан әр күн татулықпен, бірлікпен өрнектелсе мемлекет дамиды. Бұл күні Қазақстан халқының ынтымағы мен татулығы, бірлігі мен достығы, ауызбіршілігі мен сыйластығы дәріптеледі. 

Қазіріг таңда қазақ халқының маңайына топтасқан түрлі этнос өкілдері тәуелсіз мемлекетіміздің тұғырын биік ұстап, бір шаңырақтың астында бірлікте өмір сүріп жатыр. Түсіністік пен тұрақтылықтың арқасында бейбіт еліміздің дамуы бағытында бірге еңбек етіп келеді. 

Жуырда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру» дей келе Қазақстан аумағының біраз бөлігін тасқын су басқанда еліміздің мызғымас бірлігі айқын көрінгенін, бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілдері бір кісідей жұмылғанын, сонымен қатар қиындықты жеңуге Ассамблея мүшелерінің де белсенді үлес қосқанын ерекше атап өтті. «Жүректен жүрекке» деген ауқымды жүргізілген акцияға тоқталды.  

Бұл істен Түркістан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының және этномәдени бірлестіктердің мүшелері шет қалған жоқ. Олар жүздеген тонна гуманитарлық көмек және қаржылай қолдау көрсетті. Бұл – бірлігіміздің айқын көрінісі. 

Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістанда «Достық үйі» ғимаратының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жаңа нысанды биыл пайдалануға беру жоспарлануда.

Өңірімізде 50-ден аса этностың өкілдері бір шаңырақ астында бейбітшілікте, тату-тәтті өмір сүруде. Сонымен қатар облыста 11 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар барлық игі бастамалардың басы-қасынан табылып, елімізді өркендету, Түркістан өңірін түлету жолында аянбай еңбек етіп келеді деп сеніммен айта аламын.

Ардақты ағайын! 

Баршаңызды бірліктің, татулықтың мерекесімен құттықтай отырып, әр отбасыға амандық, шаттық, береке тілеймін! 

Түркістанымыз гүлденіп, тәуелсіз еліміз мәңгі бірлік пен абырой биігінде бола берсін!