Түркістанда 1 мамыр мерекесіне орай көрме ұйымдастырылды

Түркістанда 1 мамыр мерекесіне орай көрме ұйымдастырылды

 Түркістан қаласындағы Түркістан облыстық Тарихи өлкетану мұражайында 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай, «Ынтымақ», «Достық», «Бірлік» атты тақырыптық-экспозициялық көрме ұйымдастырылды.

Түркістан облысы аумағында 11 этномәдени бірлестік пен олардың аудандық, қалалық 7 филиалы мен 14 өкілдігі жұмыс істейді екен. Бұлар қазақ жеріне соғыс уақытында тағдыр айдауымен келіп қоныстанған ұлт өкілдері. Оңтүстік қазақтары қиын қыстау уақытта бұларды шетқақпайламай бауырына тартып, өзініңкімен бөлісіп қарасты. Содан бері бір ұрпақ ауысты. Бүгінде олардан тараған ұрпақ та қазақ халқымен бірге сыйласып, түсінушілікпен өмір сүруде. Қазақ халқы өзге ұлт өкілдерінің өз ана тілдерін ұмытпай, ата салт-дәстүрін ұрпақтарына үйретуіп қалдыруына жағдай жасап отыр. Ол үшін жер-жерде этномәдени бірлестіктер, Қазақстан Халықтары Ассамблеясы жұмыс істеуде. Бірлігі мен ауызбіршілігі жарасқан елге құт даритынын олар да ұғады. Бірлік пен татулықты дәріптеп отыру үшін 1995 жылдың 18 қазаны күні Нұрсұлтан Назарбаев арнайы Жарлыққа қол қойды. Мереке 1996 жылдың 1 мамырынан бастап мерекеленіп келеді. Сол достық қарым-қатынасты дәріптеп отыру бүгінгі ұрпақтың міндеті. Түркістан облыстық Тарихи өлкетану мұражайы қызметкерлерінің Қазақстан бірлігі күніне орай ұйымдастырып отырған көрменің де басты мақсаты – ел ішіндегі түрлі ұлт өкілдерінің бір біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау.  

Көрмеде аталған мерекенің қысқаша тарихы, фотосуреттер тағы басқа жәдігерлер еліміздегі басқа ұлт өкілдерінің тұрміс-тіршілігінде қолданған заттары, музыкалық аспаптары қойылған. Еліміздегі түолі ұлттардың киім үлгілері – өзбек, украин, орыс, кәріс, ұйғыр, шешен, күрді, славян, түріктің ұлттық нақыштағы заттары қойылды.