«Мектеп ауласының оазисі» ландшафт дизайны фестивалі өтті

«Мектеп ауласының оазисі» ландшафт дизайны фестивалі өтті

Табиғатты таза ұстап, туған жерді түлету – Алматыдай ару қаланың жерін басып, ауасын жұтып жүрген әрбіріміздің азаматтық борышымыз десек артық айтқандық емес. Қала көлемінде Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың бастамасымен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» атты экологиялық акция өткізілуде. Аталмыш акция аясында мегаполистегі барлық оқу орнында «Мектеп ауласының оазисі» ландшафт дизайны фестивалі ұйымдастырылды. Мұндағы мақсат – білім ордасының алаңын көгалдандыру, дизайн шығармашылығын дамыту. Осынау байқауға Алатау ауданына қарасты №178 мамандандырылған лицей оқушылары да белсене қатысты. 

Олар өздерінің шебер қолдарынан туған «Бақытты балалық шақ», «Көркем көбелек», «Құстар гүлзарда», «Табиғат сыры» сынды ерекше жоба жасап шықты. Осылайша өздері білім алатын лицейдің ауласын айрықша безендірген оқушылардың жұмысы кім-кімді болсын сүйсіндірері анық.

Сонымен қатар, акция барысында №178 мамандандырылған лицейдің әрбір сыныбында «Алматы – біздің қала» атты сынып сағаттары өткізіліп, көгалдандыру жұмыстарының мән-маңызы оқушыларға жете түсіндірілді. Сондай-ақ білім алушылар қоқыстар қоршаған ортаны ластап, полигонда шіріп, табиғатты ластамас үшін «Қоқысыңды сұрыпта» шарасын өткізіп, қоқысты қайта өңдеп кәдеге жарату жағын қарастырды.

Қазіргі таңда республика бойынша кеңінен өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына да №178 мамандандырылған лицей оқушылары қарқынды түрде қатысты. Атап айтқанда, олар аталмыш акция аясында «Құстарға үй сыйлайық» іс-шарасын өткізді.

Іс-шара барысында оқушылар «Технология» сабағында Берік Нәбиұлының жетекшілігімен табиғи ағаш қалдықтарынан өз қолдарымен құстың ұяларын жасап шықты. Өздері жасаған ұяларды оқушылар қаладағы №95 балабақшаның ауласындағы ағаштарға орнатты. 

Іс-шара аясында оқушылар балабақшаның кішкентай бүлдіршіндеріне табиғатты аялаудың мәнін түсіндірді.

Шолпан Шойынбаева,

№178 мамандандырылған лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Алматы қаласы