Ахмет Ясауи университетінде қос бірдей зертхана ашылды

Ахмет Ясауи университетінде қос бірдей зертхана ашылды

Ахмет Ясауи университетінде академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы мен ғалымдардың гранттық жобалары аясында «STEM және креативтілік» оқу зертханасы, «Нанотехнологиялар және энергетикаға арналған жаңа материалдар» ғылыми зертханасы ашылды. 

Жаңа зертханалардың ашылу рәсіміне ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов, «Ғылым қоры» АҚ- ның басқарма төрағасы Камиль Ақатов, университет ректоры Жанар Темірбекова мен ғалымдар қатысты.

Жаңадан ашылған «STEM және креативтілік» оқу зертханасы – ҚРҒЖБМ Ғылым комитеті тарапынан қаржыландырылған «Индустрия 4.0 жағдайында студенттердің креативтілігін STEM білім беру негізінде дамыту», «Инженерлік-техникалық салаларда STEAM білім беру негізінде студенттерді ағылшын тілінде даярлау үдерісін дамыту» атты гранттық жобалар аясында құрылды. 

Оқу зертханасының стратегиялық мақсаты – заманауи цифрлық білім беру ортасын құру. Физиканы пәнаралық байланыста оқытудың тиімділігін іске асыру, STEM өнімдерді әзірлеу және олардың тиімділігін оқу үдерісінде бағалау, білім алушылардың инженерлік іс-әрекеттерін дамыту, жасалған өнімдерді коммерциялау арқылы еліміздегі ғылым мен технологияның дамуына үлес қосу, экономикалық тиімділікті жетілдіру. 

Қазіргі таңда ғалымдар «STEM және креативтілік» оқу зертханасында физиканың білім беру саласындағы өзекті ғылыми мәселелерімен айналысуда. Зерттеу тобы жоба аясында бірнеше STEM зерттеу стендтерін іске қосты. 3D-принтерлермен басқа да жабдықтардың көмегімен әзірленген телескоп жасалды. VR \виртуалды шындық\ технологиясы негізінде физиканың бірнеше тақырыптарында 3D моделдік бағдарламалар құрылды. Әзірленген STEM өнімдер өнеркәсіптік революцияның білім беру жүйелеріне оң әсерін тигізеді. Сондай ақ әлемдік деңгейдегі өзге де өзекті мәселелердің шешімін іздеуге мүмкіндік береді.