Қазақ хандарының рухына құран бағышталды

Қазақ хандарының рухына құран бағышталды

    Кеше «Түркістан-Қожа Ахмет Яссауи» мешітінде Түркістан бауырында мәңгілікке дамылдап жатқан қазақ хандары мен билерінің, ел қорғаған батырларының рухына құран бағышталып, ауызашар берілді. Рухани кеште облыс әкімі Дархан Сатыбалды барша мұсылман қауымын қасиетті Рамазан аймен құттықтады. 

 – Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі, кешірім айы. Күллі мұсылман қауымы, ата -бабаларымыз бұл айды асыға күтіп құлшылықтарын күшейткен.Елдің амандығы, бірлігі үшін дұға жасап, Алла Тағаладан тілек тілеген. Қазір еліміздің бірнеше өңірінде су тасқынына қарсы жұмыстар атқарылып жатыр.Сондағы бауырларымыз, отандастарымыз үшін де тілек тілейік. Қиындықтар артта қалсын. Бүгінгі кездесуді пайдалана отырып, жомарт, жанашыр азаматтарды, кәсіпкерлерді көмекке мұқтаж адамдарға қамқарлық көрсетуге, табиғи апат салдарынан жапа шеккен алыстағы ағайын бауырға қол ұшын беріп, көмектесуге шақырамын. Құтты, қасиетті айдың соңғы күндерінде тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын. Қазақ үшін Түркістанның орны айрықша. Мемлекет басшылығы тарапынан қасиетті аймаққа көңіл бөлініп жатыр. Біз Түркістанды дамыту жұмыстарын жалғастырамыз. Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай-деді облыс басшысы. 

 Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов ауызашарды бата берумен бастады. Кешті дәстүрлі әнші Бекзат Сәкенұлы жүргізді. Рухани кеште ардагерлер, абыз қариялар, зиялы қауым өкілдері тағылымды әңгіме, өнегелі өсиет айтты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Сайрам ауданының бас имамы Арыстан Оспанов уағыз айтса, Әміре қажы Бекайдар бата берді. Қожа Ахмет Яссауидің, қазақ хандарының рухына құран бағышталды. 

   Рухани кешке келген жамағат «Оразадан оразаға жете берейік»деп тарқасты.

    Еске сала кетсек, Түркістан топырағында 40-тан аса діни-рухани тұлға, қазақтың 21 ханы, 8 сұлтан, 20-дан аса би, 60-тан аса батыр, әзіз аналар мен игі жақсылар жатыр. Аталған аңыз адамның барлығы да қазақ тарихы мен руханиятында ерекше мәнге ие.