ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚЫЗҒАЛДАҚ ПЕН ТОРАҢҒЫНЫ ҚОРҒАУ АКЦИЯСЫ ӨТЕДІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚЫЗҒАЛДАҚ ПЕН ТОРАҢҒЫНЫ ҚОРҒАУ АКЦИЯСЫ ӨТЕДІ

2024 жылы «Парктер шеруі» акциясының ашылуы Отырар ауданы Көксарай елді мекенінде өтеді. Бұл - жыл сайын дәстүрлі түрде табиғатты қорғау мақсатында өткізілетін акция. Аталған шара аясында 3 түрлі бастама қолға алынады. Олар: «Парктер тынысы» фотокөрмесі, «Сырдың көркі -тораңғы» атты қоқыс тазалау шарасы және «Қазақстан - қызғалдақтар отаны» акциясы. Бұл жайында брифингте «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің маманы Жұмабай Көшербай мәлімдеді.

«Қазақстанда қызғалдақтың 40-қа жуық түрі өседі. Оның жартысынан астамы сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлері. Қызғалдақтың сирек түрін жұлған жағдайда 3 мың айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады,- деді Жұмабай Өскенбайұлы.

Сондай-ақ, брифингке қатысқан «Сырдария-Түркістан» МӨТП ғылыми қызметкері Ғани Назарбек қазіргі таңда балықтың уылдырық шашу кезеңі басталғандықтан, Шардара суқоймасынан Қызылорда облысының шекарасына дейінгі Сырдария өзенінде 5 сәуір-31 мамыр аралығында балық аулауға тыйым салынатындығын жеткізді. Аталған өзендерде «Қызыл кітапқа» енгізілген балық түрлерінің бар екенін ескерсек, заңды бұзғандарға жауапкершілік те қатаң болмақ. Парк мамандары облыс тұрғындарын өңірді мекен еткен әрбір тіршілік иесіне шынайы жанашырлықпен қарауға шақырды.