«ҚОЗЫ КӨРПЕШ ПЕН БАЯН СҰЛУ» КҮНІНЕ ОРАЙ «NEKE TOUR» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТЕДІ

«ҚОЗЫ КӨРПЕШ ПЕН БАЯН СҰЛУ» КҮНІНЕ ОРАЙ «NEKE TOUR» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТЕДІ

Түркістанда 15 сәуір күні – «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» күніне орай «Neke tour» республикалық байқауы өтеді. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған шараға қатысып, еліміздің түкпір-түкпірінен қасиетті рухани мекенде неке қиюға ниет білдіргендердің қатары артып келеді. Бұл туралы бүгін Түркістан облысының мәдениет және туризм басқарма басшысының орынбасары Нұрдәулет Медеуов брифингте айтты. 

«Неке - отбасы құрудың негізі. Ата-бабамыз ұрпақтарына осы қасиетті ұғымды, некеге тұрудың шарттары мен тәртібін, киесі мен құндылығын ұғындырып өсірген. Түркістан облысы некеге байланысты әдет-ғұрыпты жандандырып, жөн-жоралғысын жастарға кеңінен насихаттауды мақсат етіп келеді. Бұл жоба - қасиетті Түркістанда ата-баба салтымен қиылған некенің баянды, бақытты боларына үндейді. Рабия Сұлтан Бегім, Гауһар ана, Домалақ ана сынды қазақ ұғымындағы қасиетті аналарды үлгі етіп, жас келіндерге шаңырақтың ұйытқысы болуға шақырады» - деді Нұрдәулет Данабайұлы. 

Басқарма өкілінің айтуынша, «Neke tour» жобасы - өңірдің туризм саласының ілгерілуіне де септігін тигізбек. Өйткені қатысушыларға облыстың тарихи-мәдени орындары мен көрікті жерлері таныстырылады. 

«Байқауға ресми некедегі және өтініш берерде неке қию туралы куәлігі бар жасы 18-ден асқан жұбайлар қатыса алады. Үміткерлер http://neketour-turkistan.com/ сайтындағы өтінішті толтырып жолдаулары қажет. 2024 жылдың 3-9 сәуірі аралығында өтініштер қабылданып, нәтижесі 10 сәуір күні «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «@openturkistan» парақшасында жарияланады. Іріктелген 20 жұп «Шаңырақ», «Махаббат», «Ару», «Жанұя» номинацияларымен марапатталады. Іс-шара барысында «Селт еткізер» және «Ұйқыашар», «Ақсүйек» секілді ұмыт болып бара жатқан ұлттық дәстүрлер мен ойындар өтеді» - деді «Open Turkistan» туристік ақпарат орталығының маманы Гүлдана Бекбаева.

Айта кетейік, «Шаңырақ» номинациясының жеңімпаз жұбына - Түркістанға барып қайту билеттері, 2 күн қонақ үйде тұру шығыны, фотосессия, неке қию рәсімі мен кешкі асқа жолдама беріледі. «Махаббат» номинациясының жеңімпаздарына - 2 күн қонақ үйде тұру, фотосессия, неке қию рәсімі ұйымдастырылады. Ал «Ару» номинациясының жеңімпаз жұптарына - фотосессия, неке қию рәсімі, кешкі асқа жолдама берілсе, «Жанұя» номинациясының жеңімпаздарына неке қию рәсімі, фотосессия және сыйлықтар үлестіріледі.