Үйі өртенген көпбалалы отбасыға "Ақ жол" депутаты үш бөлмелі пәтер сыйлады

Үйі өртенген көпбалалы отбасыға "Ақ жол" депутаты үш бөлмелі пәтер сыйлады

«Ақ жол» партиясының мүшесі, Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты Сұлтан Кушенов Рамазан айында игі іс жасады. Тілсіз жаудың кесірінен үйсіз қалған 9 балалы отбасыға үш бөлмелі үйдің кілтін табыстап, қуанышқа кенелтті. 

Ұйымдастырушылар, отбасы мүшелерін ауызашарға деп шақыртып, аяқ-асты қуанышқа бөледі. Үйдің кілтін алғанда Мейрамгүл Жақыпова көзінің жасын жасыра алмады. Қуаныштан көз жасына ерік берген ол, үй сыйлаған кәсіпкерге алғысын айтты.

«Мұндай қуаныш боларын білмей қалдық. Аяқ-қолымыз ділілдеп тұр. Рахмет, алғысымыз шексіз. Халық қалаулысына рахмет» - деді 9 баланың анасы Мейрамгүл Жақыпова. 

Баспанасыз қалған жанұяға табысталған үй көгілдір отынмен жылиды. Үй заманауи бағытта әрленген. Баспана ішін газ плитадан бастап, ыдыс-аяқ, көрпеше, тоңазытқыш, кір жуғыш машина және телевизормен толықтырған.   

«Алдағы уақытта үйдің құжаттарын реттеп, береміз. Бастысы, сіздер жайлы үйде өмір сүрсін деп, уақытты созбай ертерек сатып алуға тырыстық. Рамазан айында жақсылық жасауға тырыстық. Жақсылық жасау әр мұсылманның парызы деп білеміз. Жаңа үйдің иелері осы баспанада өсіп өнуіне тілекшіміз»,- дейді «Ақ жол» партиясының мүшесі, Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты Сұлтан Кушенов.

Айта кетейік, Түркістанда 9 балалы отбасы тұратын жалдамалы пәтер өртеніп кеткен болатын. Отбасы мүшелері дін аман. Оқыс оқиға болған сәтте балалардың әкесі жұмысқа, ал анасы балалардың оқу құралдарын алу үшін базарға кеткен еді. Тапа тал түсте шағын үйде шиеттей бала-шаға тек өздері қалған. Бір күнде бар дүниесінен айырылған отбасы қазір уақытша басқа пәтерде тұрып жатыр. Өкінішке қарай, тілсіз жаудың кесірінен отбасы мүшелерінің құжаттары, оқушы балалардың оқу-құралдары мен киімдері де өртеніп кеткен.