ЕЛІМІЗДІҢ БАС ҰСТАЗЫ ЕКІ МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ ШӘКІРТІМЕН БІРГЕ ХАЛЫҚ КҮЙЛЕРІН ОРЫНДАДЫ

ЕЛІМІЗДІҢ БАС ҰСТАЗЫ ЕКІ МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ ШӘКІРТІМЕН БІРГЕ ХАЛЫҚ КҮЙЛЕРІН ОРЫНДАДЫ

Ұлыстың Ұлы күні - Әз-Наурыз мерекесіне орай Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен еліміздегі барлық білім ошақтарында «Күй күмбірі» республикалық челленджі өтті. Оған балабақша бүлдіршіндерінен бастап, мектеп оқушылары мен студенттерге дейін барлығы - 2 миллионға жуық бала қатысты. Жас өнерпаздар бір мезетте белгілі композиторлар мен халық күйлерін орындады.

Кең ауқымды республикалық шара Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен алғаш рет былтыр Наурыз мерекесі қарсаңында өткізілген болатын. Содан бері елімізде домбыра үйірмелерінің саны 5 есе артқан. Бүгінгі таңда барлығы 2 мың үйірме жұмыс істейді. Оған 100 мыңнан астам оқушы қатысады. Биылғы акцияға сол жас домбырашылар бір кісідей атсалысты. 

«Көнеден келе жатқан бұл ұлттық аспабымыз халқымыздың жанын, оның дәстүрі мен мәдениетін әспеттейді. Ұлттың рухын көтеріп, даңқын асқақтатқан қара домбыра біздің баға жетпес байлығымыз бен ұлттық символымызға айналды. Балабақшалардағы кішкентай бүлдіршіндер, оқушыларымыз, колледж студенттері ұлттық аспапта ойнауға қызығушылық танытатыны қуантады. Бүгінде еліміздің әр өңірінде бір мезетте белгілі композиторлардың күйлері мен шығармалары орындалды. Дәулескер күйшілеріміздің өшпес туындылары арқылы біздің мәдени құндылықтарымыз ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Біздің жас буын осы киелі өнерді ұлықтауды лайықты түрде жалғастырады деп сенемін", - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев. 

Астанадағы Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі оқушыларының қатарына қосылған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осы білім ордасының 300 оқушысымен бірге халық күйі «Келіншекті» орындады. 

Мерекелік эстафетаға еліміз бойынша барлығы екі миллионға жуық бала қатысты. Олардың ең кішкентай - Абай облысы, Семей қаласындағы «Бақыт» балабақшасының тәрбиеленушілері. 

Челленджге қатысушыларға арнаған сөзінде ведомство басшысы бұл шара былтыр қабылданған «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» шеңдерінде ұйымдастырылғанын атап өтті. Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген жаңа бағдарлама аясында күні кеше мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Ханталапай» атты ұлттық ойындардың республикалық байқауы да өткен болатын. 350 мыңнан астам бала қатысқан шараның мақсаты - ұлттық ойындарға деген қызығушылықты ояту, халқымыздың мәдени мұрасы мен дәстүрлерін дәріптеу.