Аманқарағайда “Ақ жол” партиясының гуманитарлық пункті ашылды
2022 ж. 06 қыркүйек
948
0
Бүгін "Ақ жол" демократиялық партиясының Қостанай облыстық филиалы өңірдегі өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмектің екінші бөлігін жеткізді.
Тілсіз жаудан зардап шеккен тұрғындарға азық-түлік, киім-кешек, памперс, аяқ-киім, су, ересектерге арналған киім, жастық, көрпе, төсек-орын және оқу құралдары таратылды.
Сондай-ақ, Аманқарағай ауылының жалпы білім беру мектебінде “Ақ жол” партиясының көмек көрсету пункті ашылды.
Енді облыс орталығынан осы пунктке тікелей гуманитарлық көмек тасымалданып, өрттен зардап шеккен тұрғындарға үлестірілетін болады.
- Тілсіз жау айтып келмейді. Барлығы уақытымен реттелер деп өз өзімізді жұбатып отырмыз. Қазіргі кезде ең басты мәселе үй болып тұр. Орманымыздың да бір сәтте қызыл жалынға оранып кеткені жанымызды ауыртады, - дейді тұрғындар.
Ал, Аманқарағай орта мектебі директорының айтуынша, тұрғындарға тұрмыстық техника, азық-түлікті сақтайтын тоңазытқыштар, микропештер, электр шәйнектер, ыдыс-аяқ, матрацтар, оқушыларға арналған канцелярия тауарлары әлі де жеткіліксіз дейді.
“Ақжолдың” Қостанайдағы өкілдері бұл мәселелердің де шешімін табуға уәде берді.
- Бұл қайғылы оқиғаның алғашқы күндерінен бастап еңбек етіп келе жатқан өрт сөндірушілерге, құтқарушыларға, полицияға, дәрігерлерге, еріктілерге, "Ақ жол" демократиялық партиясына алғысымызды білдіреміз. Бұл қиын жағдайда бірге болып, ақкөңіл, жүрегі, пейілі таза адамдардың көптігі қуантады. Ендігі кезекте Аманқарағай ауылынан “Ақжолдың” пунктін ашып жатырмыз. Енді тұрғындар осы жерден тікелей көмек ала алады. Біз әлі де бұл жұмыстарды жалғастырамыз. Ертең көкөністер мен жеміс-жидектер жеткізуді жоспарлап отырмыз, - деді партияның Қостанай қалалық депутаты Меруерт Жабаева.