Иранда күйеуі көптің көзінше әйелінің басын шауып, шабылған басты көтеріп көшемен жүріп өткен
2022 ж. 09 ақпан
4399
1
Иранның Ахваз қаласында ер адам алаңда өзінің 17 жасар әйелінің басын шауып тастап,шабылған басты сүйретіп көшеде жүріп өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Iran International агенттігіне сілтеме жасап.
Жантүршігерлік қылмыс сенбі, ақпанның 5-і күні болған. Басылымның мәліметінше, Мона Хейдари есімді қыз күйеуінен қашып кетіп, Түркияда жасырынған. Монаның әкесі күйеуіне қызды ауылға қайтаруға көмектесті.
Осыдан кейін күйеуі мен оның ағасы отбасына көлеңке түсірген қызды өлтірмек болыпты. Олар алаңда қыздың басын шауып, бірнеше сағаттан кейін екеуі де ұсталды.
Иранның БАҚ-ты бақылау ұйымы өлтірушінің әйелінің басын көтеріп түсірген видеосын бірінші болып жариялаған Rokna ақпарат агенттігіне тыйым салды.
Құқық қорғаушылардың пайымдауынша, бұл Иранда отбасын ұятқа қалдыру үшін қолданылатын әдеттегі намысты өлтіру. Мәселен, ел Конституциясының 630-бабына сәйкес, ер адам «өзара келісім бойынша азғындық» куәгері болса, әйелін өлтіруге құқылы.
Ахваздағы әйелдер құқығын қорғайтын үкіметтік емес ұйымның мәліметі бойынша, соңғы екі жылда 60-қа жуық әйел ар-намысы үшін өлтірілген, соның ішінде 10-15 жас аралығындағы қыздар да бар. Қылмыскерлердің ешқайсысы жауапқа тартылмады, өйткені отбасылардың көпшілігі сотқа да бермеген.