Қазақстандықтар 2 триллион теңге көлеміндегі зейнетақы жинақтарын пайдаланды
2022 ж. 13 қаңтар
1629
0
Біржолғы зейнетақы төлемдерінің көмегімен тұрғын үй жағдайын 466 397 қазақстандық жақсартып үлгерді. Олардың ішінде 201 998 адам зейнетақы төлемдерін ипотекасыз тұрғын үй сатып алуға жұмсаған. Бұл мақсатқа жалпы көлемі 1,3 триллион теңгеден астам қаражат кеткен. Тағы 62 694 қазақстандық «Отбасы банкіндегі» заем бойынша қарыздарын өтеуге 152 млрд теңге жаратқан. 39 мың адам өзге екінші деңгейлі банктерде 134 млрд теңгеге ипотекалық қарызы төлеген. Ал 23 мыңға жуық азамат зейнетақы төлемдерін Отбасы банкінен несие алу үшін алғашқы жарна түрінде жұмсаған.
Олардың 82% екінші нарықтан баспана алса, 18% бастапқы жарнаны құрылыс салушыларға төлеп, жаңа үйлерден баспана алуды жөн көрген.
Тағы 89 480 қазақстандық жалпы көлемі 91 млрд теңге зейнетақы жинақтарын емделу мақсатына жұмсаған.
2021 жылдың 16 желтоқсанынан бастап БЗТ-ін «Отбасы банк» депозиттеріне аудару мүмкіндігі туды. Бұл мақсатты бүгінде 35 065 адам пайдаланып, өз салымдарына 57 миллиард теңге аударып үлгерді. «Отбасы банкіндегі» салымдарын зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінен асатын мөлшерімен толықтырған, 35 жасқа дейінгі клиенттердің үлесі 30,4% тең.
– Отбасы банкіндегі депозиттерді біржолғы зейнетақы төлемдерімен толықтыру мүмкіндігі – еліміздің жас азаматтарын қолдаудың тиімді құралы. Жұмыс істеп жүрген жастар баспанаға тезірек ақша жинауға мүмкіндігі бар. Артынша жинақ шотының мерзімін ескере отырып, Отбасы банкінен жылдық 3,5%-дан 5%-ға дейінгі мөлшерлемемен тұрғын үй несиесін алуға болады. Бүгінгі таңда бұл сіздің өмір сүру жағдайыңызды жақсартудың ең қолжетімді құралы, өйткені мұндай несие бойынша төлемдер отбасылық бюджет еңсере алатындай көлемде, ал артық төлем мөлшері минималды, – деп түсіндірді «Отбасы Банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Өткен жылы «Отбасы Банк» 82 252 қазақстандық отбасыға баспаналы болу қуанышын сыйлады. Ал жыл басынан бері, алғашқы екі аптаның ішінде 739 несие беріліп, 3196 депозит ашылды.
qazaquni.kz