Нұрлан Нығматулин СҚО тұрғындарына мемлекеттік марапаттарды табыс етті
2021 ж. 09 желтоқсан
1242
0
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына мемлекеттік наградаларды табыс етті.
Осы жылдардың біздің еліміз үшін маңыздылығы туралы айтқан Мәжіліс Спикері олардың Қазақстанның қалыптасуы, дамуы және нығаюы үшін маңыздылығын атап өтті.
Мәжіліс Спикері Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «алдымен экономика, одан кейін саясат» – деген дана, көреген, салиқалы саясатының арқасында біз барлық қиындықтардан аман-есен шығып, бір биіктен - бір биікке жеткенін атап өтті. Осы жолда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің даму стратегиясын одан әрі жалғастырып, саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырып жатқанын айтты.
Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин Солтүстік Қазақстан облысы мен тұрғындарының тәуелсіз Қазақстанның жетістіктеріне қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысы өндірістік салада жоғары нәтиже көрсетіп, онда жыл сайын жаңа кәсіпорындарды іске қосып, көптеген жаңа жұмыс орындарын ашуда.
- Сіздерде шығатын өнімнің көптеген түрлері тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік нарықта да белгілі, - деді Палата Төрағасы.
Марапатқа ие болғандардың арасында ғалымдар, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, мұғалімдер мен дәрігерлер, жұмысшылар мен құтқарушылар, кәсіпкерлер, әртістер мен спортшылар бар.
«Парасат» орденімен археолог Виктор Зайберт марапатталды. Ол Солтүстік Қазақстанның ежелгі тарихы бойынша бірнеше ғылыми жаңалықтардың, көптеген кітаптар мен мақалалардың авторы. Қазақстандық ғалымға жылқыны қолға үйретудің ең көне ескерткіші саналатын энеолит дәуірінің «Ботай қонысы» бірегей ескерткішінің ашылуы әлемдік танымалдылыққа ие болды.
«Құрмет» орденімен Петропавл балалар әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиешісі Елена Кислякова, Екпін Әбиев, Қалым Даньяров, Абдурахим Нукаев ауылдарын дамытуға қаржылық қолдау көрсетіп отырған фермерлік шаруашылықтардың басшылары марапатталды.
III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегерлері еңбек ардагері, механикалық жинау цехының токары Сергей Каретов және құрылыс саласында 40 жылдан астам жұмыс істейтін краншы Фархан Сафаргалеев иеленді. «Ерлігі үшін» медалі 16 адамның өмірін құтқарған өрт сөндіруші Айтбай Сәдуақасовқа, «Ерен еңбегі үшін» медалі - кардиолог дәрігер Асқар Молжігітовке, жеңіл атлет Ирина Эктоваға, «Шапағат» медалі - балалар үйінің тәрбиешісі Айым Әбдірахмановаға, Уәлиханов аудандық ауруханасының бас медбикесі Марина Охматқа табысталды.
Нұрлан Нығматулин өңір тұрғындарын айтулы күнмен және жоғары наградалармен құттықтай отырып, еліміздің дамуының маңызды кезеңінде жаңа табыстарға жететініне сенім білдірді.