Биыл бір вице-министр, 13 әкім және орынбасарлары жемқорлық күдігімен ұсталды
2021 ж. 09 желтоқсан
1174
0
Биыл елімізде 1,5 мыңнан астам жемқорлық қылмысы тіркеліп, 1280 адам әшкереленді. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл 11 айдың қорытындысы бойынша елімізде 1576 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді. Ең көбі 3 мегополисте тіркеліп отыр, олар - Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қаласы. Сондай-ақ, Түркістан, ШҚО және Жамбыл облыстары да бар. Ал жемқорлық жиі жасалатын салаларға келсек, ол алдымен ауыл шаруашылығы, білім, тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қамтамасыз ету және денсаулық сақтау. Сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен 1280 адам әшкереленді, оның 159-ы - әртүрлі деңгейдегі басшылар», - деді Марат Ахметжанов.
Агенттік төрағасының мәліметінше, биыл бір вице-министр, 13 әкім және оның орынбасарлары, 4 судья және 28 облыстық басқарма басшысы парақорлықпен ұсталды.
«Мемлекет бюджетіне келтірілген 20 млрд теңгеден астам залал өтелді. Бірақ бұл құрғақ сандар шынайы жағдайды көрсетпейді. Биыл жемқорлық ісі өткен жылға қарағанда 34 пайызға азайып отыр. Оның өзіндік себептері бар. Біз бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күресте үшбуынды жұмыс жүйесіне көштік. Қазір сыбайлас жемқорлық ісі бойынша күдіктіге қатысты барлық процесуалды шешімдер прокурордың келісімінсіз заңды күшіне енбейді. Тергеудің алғашқы кезеңінен бастап, іс жабылғанша бірнеше сүзгіден өтеді», - дейді ол.