«Ақ жол» интернет және байланыс сапасын жақсартуды талап етті
2021 ж. 17 қараша
1118
0
Мәжіліс депутаты Ғани Хамзин "Ақ жол" фракциясы атынан Цифрлық даму министрі Бағдат Мусинге депутаттық сауал жолдап, еліміздегі интернет және ұялы байланыс сапасын сынға алды.
"Қазақ үні" ақпарат агенттігі депутаттық сауалдың толық нұсқасын ұсынады.
***
Жаңа реттеуші саясат туралы заң жобасын талқылау барысында экономика министрлігі бизнестің электрондық есептілігіне толығымен көшуді ұсынған болатын. Алайда, 1178 ауылдың интернетке қол жетімділігі жоқ екені белгілі болды. Сонымен қатар, ауылдарда ғана емес, қалаларда да сигнал өте әлсіз жерлер бар. Адамдар көп жиналатын жерлерде жүктеменің жоғарылауына орай да байланыс тұрақсыз болып отыр.
Егер міндетті электрондық есептілік туралы норма іске асырылған болса, бүкіл ел бойынша мыңдаған кәсіпкерлер сыртқы фактордың кесірінен қысымның астында қалар еді.
Бұл мәселе интернеттің қол жетімділігіне ғана қатысты емес, ол жалпы ұялы байланыстың сапасы туралы мәселені ушықтырды.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 90% дерлік автоматтандырылды, цифрландыру бизнес-процестерге де белсенді енгізілуде.
Қазіргі заман талабы халықтан, әсіресе кәсіпкерлерден үнемі байланыста болып, ағымдағы мәселелерді шешуді талап етеді.
Мұның бәрі қол жетімді ұялы байланыстың өмір сапасының басты критерийлері мен стандарттарының ажырамас бөлігіне айналуына әкеледі.
Керісінше, аумақтарды жабу және байланыстың тұрақтылығы проблемалары «сандық теңсіздік» проблемасын тудырады. Сенімді мобильді интернеті бар кәсіпкерлер мен азаматтар басқалардан сөзсіз артықшылыққа ие болады.
Кейде бұл артықшылықты ақшамен емес, адамдардың тағдырымен өлшеуге болады. Осылайша, пандемия басталысымен сот отырыстары да онлайн форматқа көшті. Процеске қатысушының позициясы автоматты түрде сигналдың тұрақтылығына тәуелді болады.
Көптеген салалардағы кәсіпкерлер қазірдің өзінде құрылыс саласындағы E-Qurylys немесе тауарларды міндетті таңбалаудағы Data Matrix коды сияқты есептерді онлайн режимде тапсыруда. Байланыс проблемаларына байланысты олардың есептері бірнеше сағат, тіпті бірнеше күн бойы «жүктеледі». Goszakup.gov.kz порталында барлығы тең болған жағдайда, бірінші болып өтініш берген адам жеңімпаз деп танылады, яғни интернеті жылдам жұмыс жасайтын адам жеңеді.
Ағымдағы жылы сіздің министрлігіңіз байланыс сапасының төмендігі үшін операторларға 100 млн теңгеге айыппұл салды. Өткен жылы олардың жалпы табысы 884 млрд.теңгені құраған, яғни айыппұл тек нөл бүтін жүзден бір пайызды құрады.
Бұл ресми орташа жалақысы 250 мың теңге болған жағдайда, автоәуесқойлардың барлық айыппұлдары бір жыл ішінде 300 теңгені құрайтынымен тең.
Сонымен қатар, автокөлік жүргізушісі жылдамдықты арттырғанның өзінде айыппұл 14 585 теңгені құрайды, яғни орташа жылдық жалақының жарты пайызы (0,5%); немесе байланыс монополистеріне жыл бойына айыппұл салғаннан 50 есе көп.
Бірақ олардың бұзылуы мыңдаған азаматтар мен кәсіпкерлерге зиян тигізеді.
Бұл тек айыппұлдарға ғана қатысты емес. Егер қазіргі операторлар қалыпты байланысты қамтамасыз ете алмайтын болса, атап айтқанда, базалық станцияларда үнемдесе, онда нарықта бәсекелестікті ынталандыру уақыты келді. Осыған байланысты, «Ақ жол» депутаттық фракциясы:
1. Бүкіл ел аумағында ұялы байланыстың тұрақтылығын қамтамасыз ету, цифрлық теңсіздік проблемасын жою;
2. Интернет жылдамдығының ең төменгі шегін арттыру;
3. Байланыс операторларының айыппұл мөлшерін мүмкіндігінше арттыру (қарапайым азаматтардың айыппұлдары мен кірістерінің пропорцияларына мөлшерлес);
4. Базалық станциялардың қажетті тығыздығын қамтамасыз ету және олардың «қосалқы» операторлармен артық жүктелуіне жол бермеу;
5. Илон Маск жақында жариялаған Starlink жүйесін қоса алғанда, қазіргі ойыншылармен үлестес емес жаңа байланыс операторларының Қазақстан нарығына кіруімен мәселенің шешімін табуды жеделдету. Сапа мен қол жетімділіктің ең жақсы құралы әрқашан адал бәсекелестік болып табылады.
Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының депутаттары