ҚАЗҰУ ҚАЛАШЫҒЫНДА 19 МЕТРЛІК САҒАТ СТЕЛАСЫ БОЙ КӨТЕРДІ
2021 ж. 05 қараша
4610
0
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Мәңгілік ел» сағаты салтанатты түрде ашылды.
Бұл архитектуралық нысан ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай түлектердің университетке сыйға тартуы.
Сағаттың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы, Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәми, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашит Жүкенов, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, ҚазҰУ-дың құрметті профессоры, 1983 жылғы түлегі Салтанат Байқошқарова және ҚазҰУ Директорлар кеңесінің мүшесі Арманжан Байтасов сынды тағы да басқа зиялы қауым өкілдері, Нұрсұлтан мен Алматы шаһарынан арнайы келген меценаттар мен университеттің оқытушы-профессорлары және білім алушы жастар қатысты.
Шараға арнайы шақырылған меймандар сөз сөйлеп,бүгінгі айтулы оқиғамен құттықтады. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы, Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәми өз кезегінде жобаның мақсаты – ҚазҰУ қалашығының тұрғындары және қонақтарына оқу, жұмыс істеу және тұрмыс үшін жайлы орта құру екенін тілге тиек етті.
«Қазақ ұлттық университетінде бірақтар жұмыстар атқарылып келеді. Түлектер қауымдастығының бастауымен студенттерге шәкіртақы беру жұмыстары жалғасын тауып келеді. Сонымен қатар, қалашықтың көркеюіне үлес қосу мақсатында көптеген нысандар бой көтерді. Осы сағат стеласы да түлектер қауымдастығының бастауымен жүзеге асып отыр. Жасалған жұмыстарды мен мақтанышпен айта аламын»,-деді Қайрат Мәми.
Қалашықта бой көтерген сағат стеласы қалашықтағы "Мәңгілік Ел" салтанат қақпасы мен орталық аллеяның жалғасы болып табылады. «Мәңгілік Ел» сағаты биіктігі 19,3 метр болатын стелаға орнатылған. Нысан құрылысының негізгі іргетасы төрт тұғырлы биік бағаналармен бекітілген.
Шара барысында сөз сөйлеген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаев келушілерді бүгінгі айтулы күнмен құттықтап, сағаттың неліктен «Мәңгілік ел» деп аталуын тереңінен түсіндірді.
«Мәңгілік ел» сәулет нысандары әлем елдерінде жасампаз жетістіктер мен толағай табыстар құрметіне қойылады. Сондай-ақ, патриоттық тәрбие беру, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыру мақсатын көздейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік Ел» идеясында нақтылап көрсеткендей, тәуелсіздікпен бірге халқымыз мәңгілік мұратына қол жеткізді. Мәңгілік ел болу-біздің басты мақсатымыз. Осы орайда 2016 жылы университетімізде «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы ашылған болатын, Қақпадан бастап «Мәңгілік Ел» орталық аллеясы ұласып жатыр. Ал, қазіргі салтанатты түрде ашылып жатқан сағат стелласы осы бастамалардың жалғасы деп білеміз. Баршаларыңызды бүгінгі «Мәңгілік ел» сағат стеласының салтанатты түрде ашылуымен құттықтаймын»,- деп ыстық лебізін білдірді университет ректоры.
Сондай-ақ, шараға арнайы қатысқан Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бүгінгі сағаттың ашылуымен құттықтап, ыстық лебізін білдірді.
«Кезінде Қазақтанда бір ғана жоғары оқу орны болатын, Ол осы Қазақ ұлттық университеті. Қазіргі таңда 100-ден аса университет студенттерді білім нәрімен сусындатып отыр. Дегенмен, Қазақ ұлттық университеті кезіндегі деңгейінен әлі де түскен емес. Бүгін, «Мәңгілік ел» деп аталатын сағаттың салнатты ашылуына қатысып отырмыз. Баршаңызды құттықтай отырып, толағай табыс тілеймін»,-деді Олжас Сүлейменов.
Сонымен қатар, биология ғылымдарының докторы, ҚазҰУ-дың құрметті профессоры, 1983 жылғы түлегі Салтанат Байқошқарова да ыстық лебізін білдірді. Ол өз кезегінде университеттің дамып келе жатқанын мақтанышпен айтатынын жеткізді.
Қалашықтан орын тепкен сағат стеласы студенттердің жиі жүретін жолға орналастырылған. Бұл бірегей архитектуралық нысан әлемдік деңгейдегі студенттік кампустың ғана емес, Алматы қаласының да көркін арттыра түсетіні анық.
Салтанатты шара арнайы дайындалған концерттік бағдарламамен аяқталды.