Сарқан ауданының шаруалары жүгеріден мол өнім жинады
2021 ж. 01 қараша
893
0
Алматы облысында жүгері өсіруге негізінен Панфилов ауданында басымдық беріледі. Дегенмен, биыл Сарқан ауданының шаруалары да жүгеріден мол өнім жинады. Өткен жылы сарқандықтар бұл дақылды 2200 гектарға сепсе, биыл оның алқабы 4585 гектарға жеткен. Қазір шаруашылықтар жүгері жинау науқанын толық аяқтады, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңірде шаруа қожалықтарын мемлекеттік қолдау, ерекше сортты тұқымдар үшін субсидия, әр түрлі ауыл шаруашылық техникаларын алуда жеңілдетілген несие, сондай-ақ, науқан кезінде жеңілдетілген жағар жанармаймен уақытылы қамтамасыз ету жолға қойылған.
Сарқан аудандық әкімдігінің мәліметіне қарағанда ауданда 50-ге жуық шаруашылық жүгері өсірумен айналысып отыр. Олар өткен жылы 2200 гектар жерден 6 мың тонна өнім жинаса, биыл 4585 гектардан 25 мың тоннадан астам жүгеріні қамбаға басты.
«50-ге жуық техниканың көмегімен жүгері жинау науқаны қазан айының басында басталып, бүгінгі күні толығымен аяқтадық. Жалпы жүгері мал азығы ретінде бағалы. Малдың тез қоңдануына көмегі зор. Сондықтан жиналған өнімдердің басым бөлігі мал азығына жөнелтіледі. Негізгі дақылдардың барлығын өткен айдың соңына дейін ауа райының қолайлы кезінде орып үлгердік. Қарашаның соңына дейін майлы дақылдар және қант қызылшасын жинауды межелейтін боламыз», - деді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Өмірсадық.
Шаруалар тұқымды көбіне Ресейден және еліміздің басқа аймақтарынан, соның ішінде «Алатау-107», «Краснодар-507», «Тұран-480 СВ», «Торғай 5/87», «Сория», «Пионер», «Тұлпар» және «NS - 640» т.б сорттарын әкеледі.
Жалпы Сарқан ауданында биыл ауыл шаруашылығындағы егістік алқабы 98 мың га болса, соның 58 мың гектарына дәнді және бұршақты дақылдар себілген. Егістіктен жалпы жиналған өнім - 138 тонна. Ал облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 3,7 мың гектарға ұлғайып, 972 мың гектарға жеткен. Ауыл шаруашылығын қолдауға биыл 50 млрд. теңге бөлінді, соның 43 млрд. теңгесі субсидияға бағытталған.