"Ақ жол": Жем-шөпке арналған субсидияларды тек таңдаулы қожалықтар ала бере ме?
2021 ж. 13 қазан
2143
0
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азамат Әбілдаев «Ақ жол» демократиялық партиясы фаркциясы атынан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р. Склярға депутаттық сауал жолдап, ауылшаруашылықты субсидиялау мәселесін көтерді.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың пікірінше, жайылым жерлердегі жем-шөптің жеткіліксіздігі мен жем-шөп дайындау көлемінің қысқаруы жайылымда жүрген малдың жай-күйіне кері ықпал етті, жем-шөп бағасының қамбаттануына әкеп соқты, соның салдарынан мал басының кемуі басталды.
– Бүгінде тірі малға сатып алу бағасының төмендегені байқалады. Бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кешендеріне сатып алу құны тірі салмақтың 1 килограммына 670-800 теңге, орта есеппен баға 10-15%-ға төмендеген. Себебі, аналық бас ұстайтын және бұқаларды бордақылауға өткізетін фермер жем-шөптің қымбаттауы салдарынан малды қысқы уақытта ұстау тиімсіз екенін түсінеді. Сондықтан, шаруашылықтар шығынға батпас үшін мал басын бордақылауға және ет өңдеу кешендеріне өткізіп жатыр, - деді А. Әбілдаев.
Сонымен қатар, ол мал бордақылау алаңдарында малдың күндік азығы қымбаттап бара жатқанын тілге тиек етті. Атап айтқанда, олардың бағасы өткен жылмен салыстырғанда орташа есеппен 60-90%-ға көтерілген. Дизель отынына бағаның өсуі еттің өзіндік құнының қымбаттауына үлкен әсер етті. Мысалыға, қыркүйектің соңында 1 литріне 289 теңге, көптеген өңірде 1 литріне 240-245 теңгені құраған, ал арзандатылған дизель отынына баға 2020 жылы шамамен 1 литріне 165 теңге болатын.
– Егер осылай жағдайда жалғаса берсе, онда мал басының өсуі баяулайды, күрделі ахуал Қазақстанды ет өндіру қарқыны бойынша бірнеше жылға артқа тастайды, - деп санайды халық қалаулысы.
Депутат, сонымен қатар, жем-шөп сатып алуды субсидиялау таңдаулы түрде ұйымдастырылғанына баса назар аударды. Мәселен, Қарағанды облысында – небәрі екі аудан қамтылды, ал ШҚО-ға осы мақсатқа небәрі 130 млн теңге бөлінген екен.
«Қолдау таңдаулы тәртіпте жүргізіледі, ал аналық бас күн сайын сойылып, етке кетіп жатыр. Қолдау шаралары бүкіл республикаға жаппай қажет!» деген «Ақ жолдық» депутат қызықты статистикадан үзінді келтірді.
– Қолдаудың сүбелі үлесі екі облысқа бағытталғаны айдан анық көрініп тұр. Бұл өңірлерде елдегі барлық мал басының 4-7%-ы ғана шоғырланған. Анықтамаларға сүйенсек: елде жалпы ірі қара мал басының саны 8849 мың бас болса, оның 407 мың басы немесе 4,5%-ы екі облысқа тиесілі. Қой-ешкінің жалпы саны 24 144,8 мың бас, соның ішінде екі облыста 1 253 мың бас немесе ешкі-қойдың жалпы санынан 5%-ы бар. Жылқы бойынша республикамызда жалпы мал саны 3 471,6 мың бас, екі облыста 271,9 мың бас бар немесе жалпы жылқы санынан 7,8%, - деді ол.