Діндер лидерлері съездінің әлеуетін тиімді пайдалану маңызды - Мәулен Әшімбаев
2021 ж. 06 қазан
1093
0
Ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХІХ отырысы өтіп жатыр. Коронавирус індеті әлемді жаулағалы жұмысы тоқтап қалған діндер көшбасшыларының съезі біраз үзілістен кейін жұмысын қайта жандардырды.
"Қазақ үні" ақпарат агенттігінің тілшісі дін қайраткерлері жиналған жиында көтерілген өзекті мәселелерге сараптама жасап қайтты.
ҚР Сенат төрағасы әрі әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев алқалы отырыс аясында бейбітшілікті нығайтудың және мәдениеттер арасындағы ынтымақтастық, Жаһандық жылыну және климаттың өзгеруі секілді тақырыптарды көтерді.
- «Біз бүгін хатшылық отырысында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 7-съезін ұйымдастыруға қатысты мәселелерді пысықтаймыз. Бүгінгі таңда бұл форум қазіргі замандағы өзекті мәселерді талқылайтын аса маңызды халықаралық алаңға айналды. Съезд бейбітшілікті нығайтудың және мәдениеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытудың озық үлгісін көрсетіп келеді. Сондай-ақ дінаралық толеранттылықты арттыруға үлкен септігін тигізуде. Съезд алғаш рет 2003 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шақырылғаны белгілі. Форум жұмысының табысты болуына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев баса мән беріп келеді»,- деді хатшылық отырысын ашқан Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Жалпы, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының биылғы отырысына әлемнің 20-ға жуық елінен дін өкілдері келген екен. Пандемияға байланысты келе алмаған қатысушылар жиынға онлайн қатысуға мүмкіндік алды.
Бүгінгі хатшылық отырысында барлығы 8 мәселе қаралды. Хатшылықта көтерілген мәселелер әлемдік діндер лидерлерінің 7-съезіне қатысты. Әлемдік діндер лидерлерінің 7-съезі келер жылға жоспарланған. Съезде жалпы отырыстан бөлек, 4 сессия өтпек.
Әлемдегі дін проблемаларын тұрақтандыру мақсатында бұл форматтағы кездесулердің маңыздылығы жоғары. Бұл туралы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев та өз сөзінде айтып өтті.
«Биыл біз Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы кезеңде бейбітшіліктің, жалпыұлттық бірлік пен конфессияаралық диалогтың өзіндік моделін қалыптастыра алдық. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған бұл бағдар өзінің тиімділігі мен өміршеңдігін дәлелдеп үлгерді. Қазіргі таңда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету саясаты жалғасып келеді. Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі мен хатшылық отырысын абырой-бедел жинау үшін өткізбейміз. Бұл – қазақстандық даму жолының біртұтас ажырамас бөлігі. Рухани көшбасшылардың басты міндеті құндылықтардың дұрыс жүйесін қалыптастыру және адамдарды бейбітшілік, адамгершілік, қоғамдық келісім, өзара қолдау сияқты идеялар аясына топтастыру болуы керектігі сөзсіз. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің негізгі мақсаты да – осы. Сондықтан баршаңызға біздің Форумға қатысып, белсенді қолдау көрсеткендеріңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз», – деді съезд хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев.
Ол, сонымен қатар, дәстүрлі діндер лидерлері съездің мүмкіндігі мен әлеуетін тиімді пайдалануының маңызы зор екенін тілге тиек етіп, қазіргі таңда әлемде әлеуметтік проблемалар ушығып тұрғанына назар аударды.
«Алдағы уақытта да әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съездің мүмкіндігі мен әлеуетін тиімді пайдалануының маңызы зор. Бұл қазіргі кезеңде өте өзекті. Коронавирус пандемиясы адамдардың қалыпты өмірін өзгертіп қана қоймай әлі күнге дейін әлемнің дамуына кері әсерін тигізуде. Қазіргі таңда COVID індетінен әлем бойынша 4,5 млн адам көз жұмды. Одан бөлек, ондаған млн адамның денсаулығы сыр берді. БҰҰ келтірген деректер бойынша 2020 жылы әлемдік экономика 4,3 пайызға қысқарған. COVID-19 салдарынан әлемдік экономикаға келген шығын 3,5 трлн доллардан асып жығылады. Дүниежүзінде әрбір үшінші жұмыс беруші жұмыс сағатын, ал шамамен әр 5-ші жұмыс беруші жұмысшыларын қысқартуға мәжбүр болған. Соның салдарынан көптеген елде әлеуметтік проблемалар ушығып кетті. Жұмыссыздық, әлеуметтік теңсіздік, қылмыс сияқты келеңсіздіктер көбейді. Дүниежүзілік банктің есебі бойынша пандемия кедейлік деңгейінде өмір сүретін адам санын шамамен тағы да 100 млн-ға көбейткен», - деді Сенат Төрағасы.
Атап өту керек, хатшылық жұмысына Біріккен Араб Әмірліктері Мұсылман ақсақалдар кеңесінің бас хатшысы Сұлтан Фейсал Румейси, Дінаралық диалог жөніндегі Папа кеңесінің Ислам бойынша бюросының басшысы, монсеньор Халед Акаше, Орыс православие шіркеуі Мәскеу Патриархаты сыртқы шіркеу байланыстары бөлімінің дінаралық қатынастар жөніндегі хатшысы, діни қызметкер Димитрий Сафонов, Әл-Азхар университеті Ислам зерттеулер академиясының Бас хатшысы Назир Мұхаммед Мұхаммед әл-Назир Аяд секілді дін көптеген дін қайраткерлері қатысты.