Маңғыстау халқын сапалы ауыз сумен қамтуға 170 млрд теңге қарастырылған
2021 ж. 05 қазан
1114
0
Маңғыстау тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін 170 млрд бөлінеді. Оның 123 млрд теңгесін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы инвестициялайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Үкімет отырысында осындай мәлімет берді.
«Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бойынша сумен жабдықтау саласында жалпы сомасы 170 миллиард теңгеге 3 жоба қарастырылған.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының 123,7 миллиард теңге көлеміндегі жеке инвестициясы есебінен «Бейнеу-Ақтау» учаскесінде, ұзындығы 171 шақырым болатын «Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық су тартқышын реконструкциялау жоспарланған.
Ол 226 мың адамы бар 1 қала мен 15 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтауды жақсартады. Өткізу қабілеті тәулігіне 110 мыңнан 170 мың текше метрге дейін ұлғаяды», - деген министр тағы бір кешенді жобаның арқасында 15 ауылды елді мекенде ауызсу мәселесі шешілетінін атады.
«Одан басқа, жалпы ұзындығы шамамен 243 шақырымдай болатын «Ақтау-Құрық-Жетібай-Шетпе» және «Куюлус-Меловое» кен орнынан Каспий су тұшыту зауытына дейін» екі су тартқыш салу жоспарланған. Қазір жобалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Бұл 278 мың адамы бар 15 ауылды елді мекеннің сумен жабдықталуын жақсартуға және қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Серікқали Брекешев.