«Ақ жол»: Автобус тасымалына бөлінген қаражат қайда кетті?
2021 ж. 22 қыркүйек
1273
0
Мәжіліс депутаты С. Ерубаев ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ә.Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, автопарктер мәселесін көтерді.
***
2021 жылғы 14 сәуірде «Ақ жол» партиясының парламенттік фракциясы автобус тасымалындағы күрделі жағдайды сауықтыру, соның ішінде жұмыс істеп тұрған автопарктерге тиесілі субсидияларды төлеу бойынша шұғыл шараларды қабылдау қажеттілігі жөнінде Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатынбыз.
Сол сауалға берген жауапта, вице-премьер Р.Склярдың айтуынша, 2018-2020 жылдарда бюджеттен автопарктерді субсидиялауға 100 млрд-тан астам теңге қарастырылған болатын және де жаңа автобустар лизингпен сатып алуға 57 млрд теңге бөлінген.
Алайда, еліміздің әр өңірлерден түсіп жатқан өтініштеріне орай, сондай-ақ аталған мәселе бойынша сайлаушылармен кездесу барысында жолаушылар тасымалдау саласында жағдайдың өзгермегендігіне көзіміз жетіп, мәселені қайта көтеруге мәжбүр болып отырмыз.
Тығырыққа тіреліп, банкроттыққа ұшыраудың алдында тұрған тасымалдаушылар бірнеше қалаларда ереуілге де шығып үлгерді, мұндай ақпарат Ақтобе, Шымкент, Петропавл қалаларынан түсуде.
Өйткені, жергілікті атқарушы органдар бекіткен тарифтер салдарынан, субсидиясыз автобус жүргізушілерге жалақысын төле алмауы, оның үстіне сатып алынған жаңа автобустарға лизинг бойынша Үкімет тарапынан субсидиялардың төленбеуі жығылғанның үстіне жұдырық болып жатыр.
Мысалы, Семей қаласындағы екі жыл бойы қызметін сәтті атқарып келген автопарк, қажетті қаражат алмағандықтан, соттың шешімімен банкрот болып жарияланып, кредитке алған техникасы түсініксіз жолмен басқа мердігерге берілді. Ал, Үкіметтің жауабында көрсеткен 100 млрд субсидия мен 57 млрд лизингке арналған қаражат қайда сонда?
Ең қызығы, аталған автопаркке екі жыл бойы төленбеген субсидияларды жаңа мердігерге қала басшылары бір сәтте 520 млн.теңге мөлшерінде берілген. Бұл қаражат қайдан шыққаны және бюджетте жаңа мердігерге арнайы сақталып отырған ба деген сұрақтар туындайды.
Әрине, біз банкроттыққа ұшыраған автопаркті ақтаған жоқпыз, соттын шешімі бойынша, оның де кінәсі бар шығар.
Ал бірақ, бұндай практика кең таралса, басқа да қалаларда қолдаусыз қалған автопарктердің тағдыры алындатады.
Бұл аса маңызды әлеуметтік мәселені шұғыл түрде шешпесек, көптеген адамдар жұмыс орнынан айрылып, автобустар инфрақұрылымын тежеп, қарапайым тұрғындардың күнделікті жүріс-тұрысына кедергі болып, халықтың наразылығын тудыруы мүмкін.
Осыған байланысты, құрметті Әлихан Асханұлы, «Ақ жол» фракциясы:
- Өткен үш жыл ішінде республикалық және жергілікті бюджеттен бөліңген қаражаттың қаншасы тікелей автобус парктеріне жеткендігі, ал қаншасы әлі күнге дейін әкімдіктің қорында игерусіз жатқаны туралы ақпарат беруіңізді;
- Сонымен қатар, қарастырылған қаражатты тиісті мекемелерге жеткізбегенінің нәтижесінде, автопарктер банкроттыққа ұшырағанда жауапкершілік кімнен сұрауымыз керек.
- Және де 2022-2024 жылдарға арналған бюджетте осы бағытта қанша қаражат қарастырылатындығы жөнінде мәлімет беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары