«Ақ жол» Маңғыстаудағы ауыз су тапшылығы мәселесінің тиімді шешу жолдарын ұсынады
2021 ж. 08 қыркүйек
2048
0
Мәжіліс депутаты С. Ерубаев Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиевқа «Ақ жол» фракциясы атынан депутаттық сауал жолдап, ауыз су мәселесін көтерді.
Құрметті Мағзұм Маратұлы!
Сапалы ауыз судың маңыздылығы, халық өмірінде әлеуметтік рөлі мен экономикалық дамуда алатын орны өте зор екендігі жасырын емес.
Маңғыстау өңірі сайлаушылармен кездесуде осы мәселе көтерілген тақырыптардың ішіндегі ең өткір проблема екеніне көзіміз жетті. Әсіресе, мал азығы мен судың тапшылығынан қырылып жатқан мал халықтың наразылығын тудырған.
Бұл проблема екі мәселемен тікелей байланысты.
Біріншіден, тұщы судың тапшылығына байланысты, жерасты су көздерін іздестіру немесе жағалаудағы аудандарда тұзсыздандыратын кәсіпорындар салу.
Екіншіден, жемшөп базасы ретінде теңіз суына бейім өсімдіктерді өсіру қажет. Каспий суының аздап тұздалғанын ескеретін болсақ, мұндай өсімдік түрлерінің бейімделуі бойынша ғылыми тұрғыда мәселе бар.
Ал, тұщыландыру жобаларына келетін болсақ, мемлекеттік органдардың алпауыт, көп миллиардтық шығындарға деген әуестігі, аталмыш жұмыстардың дамуына кедергі болып отыруы мүмкін.
Бүгінде, өңірде екі тұщыландыру өндірісі жұмыс істейді – «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС және «Каспий» тұщыландыру зауыты.
МАЭК Ақтау қаласы үшін тәулігіне 53 мың текше метр тұщы су өндіреді, «Каспий» зауыты Түпқараған ауданының Тельман және Ақшұқыр ауылдары (3-4 мың текше метр), Мұнайлы ауданы (7-12 мың текше метр) және салынып жатқан «Теплый» жағалауы үшін 20 мың текше метр ауыз суын өндіреді.
Бұл ретте, қалаға қосымша шамамен 30 мың текше метр, Түпқараған ауданының Тельман және Ақшұқыр ауылдарына - шамамен 9 мың текше метр, Мұнайлы ауданына да осынша мөлшерде су қажет.
Осы мақсатта «Каспий» тұщыландыру зауытының қуатын 40 мың текше метрге дейін кеңейту жүргізілуде. Алайда, жоғарыда аталған елді мекендердің қажеттілігі үшін жеткіліксіз болатыны анық.
Сондай-ақ, осы қосымша қуатты енгізу мерзімі әлі белгісіз және мұндай кеңейтуге бөлінген сома туралы сұрақтар туындайды. Мұндай шығындар су тарифінің айтарлықтай өсуіне әкелетіні түсінікті, оның бағасы қазірдің өзінде өсіп үлгерді.
Бұл тұрғыда, жергілікті ахуалмен түпкілікті таныс кәсіпкер, гигонтоманиядан бас тартып, Иран, Израиль елдерінде қолданатын мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында 5, 10 немесе 20 текше метрлік жобаларға назар аударуды ұсынады. Мысалы, жергілікті кәсіпкер, Маңғыстау облысы мәслихатының депутаты Есман Жұмабаев, аталған елдердегі осындай кәсіпорындардың жұмысымен арнайы танысқанын және олардың қаншалықты тиімді екенін атай отырып, Ақшұқыр ауылдық округіне қуаты 20 мың текше метр тұщыландыру зауытының құрылысына өз қаражатынан 2 млрд. теңге бөлуге дайындығын білдірді.
Сондай-ақ, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобаларын Жаңаөзен қалалық округінде (Кендірлі ауылы), Мұнайлы және Түпқараған аудандарында, Форт-Шевченко қаласында іске асыруға болады деп санайды.
Осыған байланысты, мемлекет тарапынан мұндай жобаларға жер телімі түріндегі грант, су құбыры желісі және электр энергиясы бойынша қолдау қажет.
Алайда, ауызша мақұлдаудан басқа, әкімдік тарапынан нақты қадамдар жасалған жоқ. Оның орнына, шенеуніктер мемлекет тарапынан нақты грант бөлуге белгілі бір «рұқсаттардың» қажеттілігін айтты. Шамасы, кәсіпкер министрлікке өз бетінше барып, мәселені өзі шешуі керек екен. Бірақ, кәсіпкердің қай министрліктің рұқсат беретіні туралы сұрақтары да еленбеген.
Сонымен қатар, әкімдікте Жаңаөзен қаласы үшін қуаты 50 мың текше метр және құны 70-80 млрд. теңге болатын тұщыландыру зауытының жобасы толық пысықталуда.
Енді масштабты салыстырып көрсек, 50 мың текше метрлік зауыт – 70 млрд. теңге, 20 мың текше метрлік зауыт – 2 млрд. теңге.
Әрине, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қала тұрғындарына деген қамқорлығын тек қана қолдауға болады. Бұл маңызды, сәтті жүзеге асады, және тұрғындарға үлкен көмек болады деп үміттемміз. Бірақ, неліктен әкімдік шенеуніктері, жергілікті кәсіпкерлердің осындай бастамаларын елемейді деген сұрақ туындайды.
Осыған байланысты, құрметті Мағзұм Маратұлы, мемлекет тарапынан қаржыландырылатын тұщыландыру зауыттарының құнының тиімділігі мен үнемділігіне талдау жүргізуді, және жергілікті кәсіпкер ұсынып отырған шағын тұщыландыру жобаларына мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында қолдау көрсету мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары