Қазақстанның Кабулдағы консулдығы алдында адам қаптап тұр
2021 ж. 07 қыркүйек
1233
0
Қазақстанның Кабулдағы консулдығына барып, көмек сұраған, өздерін "ауған қазақтарымыз" деп таныстырған бір топ адам қабылдауға кіре алмай жүргеніне шағымданып отыр, деп хабарлайды centralasian.org.
"Ауғанстандағы қазақ консулдығының алдында тұрғанымызға 20 күн болды" деп Азаттыққа хабарласқан азаматтардың бірі Амруддиннің сөзіне қарағанда, 6 қыркүйекте консулдық ғимараты маңына жиналғандар 100-ге жуықтаған.
Амруддин осыдан 10 күн бұрын елшілікке кіру үшін тіркелгенін, бірақ әлі күнге дейін өзін ешкім қабылдамағанын айтты.
– Мазари-Шарифтен келгенімізге 20 күн болды. Бізді ешкім қабылдамайды. Қолдарында қазақ деп жазылған құжаты бар адамдар болса ғана ішке шақырып қабылдайды. Кеше (5 қыркүйек) Қазақстаннан келген консулдықтың бір өкілі "Сендер Қазақстанда тұратын туыстарың арқылы сол жақтағы көші-қон полициясынан өздерің мен жақындарыңның аты-жөндерін тізімдетіп, мөр басқызыңдар да бізге жіберіңдер. Сонда сендерді жылдам қабылдаймыз деп айтты. Бірақ бізде ондай мүмкіндік жоқ, – дейді Амруддин Азаттық тілшісіне.
Кабулдағы Қазақстан елшілігінің алдында жүргеніне он шақты күн болғанын айтқан Халиолла да "Бізді ешкім қабылдамай жатыр. Менде жеке куәлік те, паспорт та жоқ. Бізге "ондай адамдарды мүлдем қабылдамаймыз деді" деп шағымданды.
Азаттыққа келіп түскен видеода консулдық ғимаратына ұқсас мекеме сыртында кемінде 20 шақты ер адамның құжат ұстап тұрғаны көрінеді. Видеодан нақты қанша адамның тұрғанын көру мүмкін емес. Кейбірі ғимарат маңындағы ағаштардың көлеңкесін саялаған. Видео 6 қыркүйекте түсірілген деп айтылады.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы қазақтардың шағымына байланысты кешірек жауап беретінін айтты. Ал Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігінен жауап алу мүмкін болмады.
Ауғанстанда "Талибан" тобы билік орнатқаннан кейін ұлты қазақ екенін айтып, Қазақстан үкіметінен Ауғанстаннан алып кетуді сұрап, өтінген азаматтар көбейген. Өткен аптаның соңында Ауғанстанның Саманған уәлаятында тұратын қазақ отбасылары ресми Нұр-Сұлтаннан Қазақстанға алып кетуді сұрап, видеомәлімдеме жолдаған.
Қазақстан сыртқы істер министрінің ресми өкілі Айбек Смадияров бұған дейін Азаттыққа Ауғанстандағы қазақтарды Қазақстанға қайтару жөнінде іс-шараның басталғанын, алайда ондағы саяси-әскери ахуалдың нашарлауына байланысты қазақтарды қайтарудың нақты мерзімі белгіленбегенін айтқан.
Ресми өкілдің Азаттыққа берген жазбаша жауабында "Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігінің жанында этникалық қазақтарды анықтайтын арнайы комиссия құрылды және ол өз жұмысын жүргізіп жатыр. Аталған комиссия елшілікке жүгінген әр тұлғаның құжаттарын кешенді қарастырып, шешім қабылдайды. Өтініш білдірушімен жан-жақты сұхбат өткізіп, ауған тарапы берген төлқұжаттарын тексереді. Сондай-ақ, қазақ тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрі бойынша сұрақтар қояды" деп жазылған.
"Талибан" қозғалысы Кабулды басып алғаннан кейін Қазақстан билігі "Ауғанстанда 15 қазақ отбасы немесе 200-ге тарта этникалық қазақ бар" деген. Алайда Ауғанстанда тұратын қазақтар өздерінің бұдан көп екенін айтып, 30-ға тарта отбасын санап шықты.