Жамбыл облысындағы жарылыстан 88 адам зардап шеккен
2021 ж. 27 тамыз
1698
0
Жамбыл облысындағы әскери бөлімдегі жарылыстан 88 адам зардап шеккен. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ауруханаларға 88 адам жүгінді. Оларға қалалық ауруханада, Байзақ ауданының орталық ауруханасында тиісті медициналық көмек көрсетілді. Медициналық көмек көрсетудің арқасында жеңіл жарақат алған 60-қа жуық адам үйіне қайтарылды», - деді облыс басшысы Жамбыл өңірлік көммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.
Оның дерегінше, қазіргі таңда Тараз қалалық орталық ауруханасында 28 адам жатыр.
«Оның алтауының жағдайы орташа ауыр. Бірақ, өмірлеріне ешқандай қауіп жоқ. Таңертең науқастармен кездестік, жағдайларын сұрадық. Дәрігерлерден оларға қандай көмек көрсететіндігін білдік. Дәрі-дәрмекке қатысты еш мәселе жоқ. Қазір олардың жағдайы тұрақты», - деді Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, кеше сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жарылыс болды. Өрт сөндіру барысында 4 әскери қызметші қаза тапқан еді.