Шығыста "Шілікті" сапары орталығы ашылды
2021 ж. 27 шілде
1014
0
Қазақ елінде қасиетті орындар өте көп. Олардың бәрінде қазақтың қайталанбас тарихы, ұлтымыздың ізі қалған. Мәдениетіміз мен өнеріміздің өшпес мұраларының да куәгері сол қасиетті орындар. Оны бағалай білу бүгінгі ұрпақтың тікелей міндеті.
Елімізде қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында «Шілікті» сапар орталығы салынады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен бой көтеретін ғимарат «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты «Шілікті» қорғандарын көруге келушілердің санын арттыру, туристерге кеңінен насихаттау және жайлылықты қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған. Сапар орталығында заманауи үлгіде жабдықталған мұражай залы, қонақ үй ғимараты және ақпараттық-насихаттық орталық сынды бірқатар бөлімдер жобаланған. Зайсан өңірінде 6 тарихи, 21 мәдени - архитектуралық, 8 археологиялық ескерткіштер тіркелген. Өлкедегі тарихи ескерткіштердің бірі де бірегейі – «Шілікті» қорғандары. «Шілікті» қорымы Зайсан ауданы, Шілікті ауылының оңтүстік батысынан 3 шақырым жерде орналасқан. Ұзындығы - 80, ені – 30 шақырымды қамтиды. «Шілікті» қорғанының оңтүстігін Тарбағатай, шығысын Сауыр-Сайқан, солтүстігін Маңырақ таулары қоршап жатыр. Шілікті жазығы сақтардың алғашқы мемлекетінің ордасы тігілген қасиетті мекен, ерте сақтар заманындағы элитарлық ескерткіштердің бірегейі. Табиғаттың үйлесімді әсерінің және адамның ғасырлар бойы қызметінің салдарынан пайда болған тарихи-мәдени ландшафт аймақтың басты құндылығы болып табылады. Оның ең көп шоғырланған жерін Шілікті ескерткіштері деп атайды. Шілікті обасы б.з.б. VІІ-VІ ғасырға жатқызылады, онда барлығы 51 оба бар.
Зейнолла ҚАБИОЛЛАҰЛЫ
qazaquni.kz