Серікбай Трұмов: Маңғыстауға көмек қолын созған барша азаматтарға алғыс білдіреміз
2021 ж. 18 тамыз
1533
0
Бүгін Үкімет отырысында Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов өңірде жем-шөп дайындау жұмыстары туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл өңірде қалыптасқан қуаңшылыққа байланысты мал азығымен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Қыс мезгіліне мал азығын дайындау бойынша арнайы штаб құрылды. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, жұмыстарымызды бастадық. Жалпы, облыс бойынша қыс мезгіліне 77 мың тонна шөп пен 53 мың тоннадай жем керек. Дайындалған шөптің көлемі 35 мың тоннаны құрады. Оның 28 700 тоннасы өзге аймақтардан, яғни негізінен Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан. Қалған 3,5 мың тоннасы жергілікті қорықтардың аумағынан дайындалды», - деді Серікбай Трұмов.
Оның айтуынша, өзге облыстардан көмек ретінде келген 2800 тонна тегін жем-шөп қуаңшылық салдарынан зардап шеккен шаруа қожалықтарына таратылды.
«Осы ретте көмек қолын созған барша азаматтарға және ҚТЖ ұжымына облыс халқының атынан алғысымызды білдіреміз. Сонымен қатар, бюджеттен 5,3 млрд теңге қаражат бөлінді. Барлық ауданда шөп жинау базалары жасақталды», - деді облыс әкімі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, министрлік аталған өңірлерді қолдауға қанша қаражат бөлінгенін баяндады. Өңірлер арасында азық-түлікті белгіленген бағамен өзара жеткізу және зардап шеккен шаруашылықтарға шөп шабу үшін 130 мың гектарға жуық шабындық жер бөлу туралы шарттар мен меморандумдар жасалды.