Парламентаралық қатынастар қаралды
2021 ж. 13 шілде
1668
0
Мәулен Әшімбаев Сауд Арабиясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абдулазиз бен Абдулла әл-Даудты қабылдады. Тараптар кездесу барысында екі елдің ынтымақтастығы мен парламентаралық байланыстар бойынша өзара іс-қимылы мәселелерін талқылады.
Сенат спикері Сауд Арабиясы Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктесінің бірі екенін айтты. Палата төрағасы өзара парламентаралық диалогты одан әрі дамытуға да барлық мүмкіндіктер бар екеніне назар аударды. Ол сондай-ақ Қазақстанда өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне Сауд Арабиясының өкілдері белсенді қатысқаны үшін алғыс айтып, пандемиядан кейінгі кезеңде мемлекетаралық ынтымақтастыққа қарқын беру қажеттігін атап өтті.«Біздің елдерімізді тарихи, рухани және мәдени тығыз байланыстар жақындастырады. Сауд Арабиясының экономикалық дамуы біздің көз алдымызда. Экономиканы әртараптандыруға, денсаулық сақтауды, білім беруді, инфрақұрылымды және туризмді дамытуға бағытталған «Saudi vision 2030» бағдарламасын жеке атап өткім келеді. Біз ұқсас мәселелерді шешіп келеміз. Біздің елдеріміздегі экономикалық реформалардың көптеген аспектілері мен бағыттары да ұқсайды, өйткені оның басты мақсаты – біздің мемлекетіміздегі халықтардың әл-ауқатын арттыру болып табылады», – деді Мәулен Әшімбаев.
qazaquni.kz