Сәтбаев қаласында кішкентай қызды зорлау ісі бойынша үкім шығарылды
2021 ж. 22 маусым
1957
0
Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында (МАҚС) алқабилер соты Сәтбаев қаласында кішкентай қыздың денсаулығына ауыр зиян келтіру және зорлау ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарағанды облысының МАҚС баспасөз қызметінен мәлім еткендей, сотталушылар ҚР ҚК-нің 120-бабы 4-бөлігі, 121-бабы 4-бөлігі, 106-бабы 2-бөлігі 3, 5, 11-тармақтары бойынша айыпталуда. Аталған баптар бойынша ерлі-зайыптылар Пр. және П. сотқа берілді. Іс Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
«2020 жылдың 23 шілдесінде мас күйде болған Г. есімді азамат өз үйінің кіреберісінде зардап шегуші кішкентай қызды кездестіріп, оны ұстап алып, пәтеріне кіргізген. Содан кейін Г. көршісі Пр.-ды шақырып, зорлық-зомбылық жасауды ұсынған. Соңғысы келісімін берген. Содан кейін олар сотталушы Пр.-дың жұбайы П.-ны шақырған. Ол екі ер адамның қылмыстық ниетін біле тұра, балаға анықталмаған затпен инъекция еккен. Қыз бала есін жоғалта бастаған.
Бұдан әрі Г. және ерлі-зайыптылар жас балаға зорлау және жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасады.
Сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің психикалық денсаулығына ауыр зиян келтірілді.
Дауыс беру нәтижелері бойынша алқабилер Пр. және П.-ны айыптаудың барлық баптары бойынша кінәлі деп тапты.
Пр.-дың әрекетін ауырлататын жағдай – қылмысты мас күйде жасау. Жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ. Баяндалғанды ескере отырып, оған жазаны қауіпсіздігі төтенше мекемеде өтеу, өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалды. Бұл ретте, мерзімнің алғашқы 5 жылы толық қауіпсіздік мекемесінде өтелуі керек», - деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметінен.
Екінші айыпталушыға келетін болсақ, заң әйелдерге өмір бойына бас бостандығынан айыруды тағайындауға тыйым салады (ҚК-нің 46-бабы). Сондықтан сотталушы П.-ға қылмыстардың жиынтығы бойынша 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оған өмір бойына педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты қызметтерді атқаруға тыйым салынды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, күдіктілердің бірі – азамат Г. тергеу кезінде суицид жасаған болатын. Оған қатысты іс тоқтатылды және сотта қаралған жоқ.
Еске салайық, 2020 жылдың 23 шілдесі күні сағат 21.00-де Сәтбаев қаласының полициясына Жезқазған тұрғыны өзінің 5 жасар қызы жоғалып кеткені туралы хабарлаған. Сәтбаев қалалық полиция бөлімінің барлық құрамы мен волонтерлер қатысқан іздеу шараларының нәтижесінде 5 жасар бала көпқабатты үйдегі пәтерлердің бірінен табылды. Дәл сол күні тәртіп сақшылары қылмысқа барған күдіктіні ұстады.
Аталмыш оқиғадан соң Сәтбаев қаласының ондаған тұрғыны бала табылған үйдің маңын қоршап, күдіктіні өздері жазаламақшы болды. Жағдайды Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жеке бақылауына алып, бірнеше бап бойынша қылмыстық іс тіркелгенін мәлім етті. Бірнеше ай өткен соң, 6 қазанда күдіктілердің бірі тергеу изоляторында өз-өзіне қол салды.