Маңғыстауда не болып жатыр? Жүргізушілер тас жолды жауып тастады (видео)
2021 ж. 03 маусым
3832
0
Маңғыстаулық жүргізушілер ақылы жолдарға қарсы наразылық акциясына осымен үшінші рет шықты, деп хабарлайды "Ақтау-Лада" басылымына сілтеме жасап sputnik.kz.
Бұл жолы жүк көліктерінің жүргізушілеріне жеңіл автокөліктердің иелері де қосылды. Жүргізушілер Ақтау қаласы маңында тас жолды жауып тастады.
"Ақылы жолдарға бүкіл Қазақстан қарсы. Біз де құптамаймыз, сол себепті өз наразылығымызды білдіруге жиналдық", - деді акция қатысушылары.
2021 жылдың маусымынан жалпы ұзындығы 5,8 мың шақырымдық республикалық маңызы бар 18 жол ақылы болады.
Ақылы жолдарға қарсы митингтер Қазақстанның түрлі өңірінде өтіп жатыр. Бұған дейін наразылыққа Атырау мен Шымкент жүргізушілері шыққан еді. Автокөлік иелері онсызда көлік салығын төлейтінін, ал жол сапасы сын көтермейтінін мәлімдеді. Бұған қоса, жол ақысының көтерілуі басқа тауарлар мен азық-түліктің қымбаттауына әкеп соғады.
Әзірге тариф сол бұрынғы деңгейде тұр. Көліктің салмағына қарай жеңіл автокөлік иелері үшін – бір теңге, автобустар мен жүк көліктері үшін – 5-тен 25 теңгеге дейін.
Жақында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ақылы жолдардың тарифі 2013 жылдан бері қаралмағанын атап өтті. Оның айтуынша, бағаның өсуі жолдардың сапасын жақсы күйде ұстап тұру үшін қажет.