Алматыда перзентхана қызметкерінің вакцинадан кейін аяқ-қолы тартылып, құрысып қалған
2021 ж. 27 мамыр
1351
0
Әлеуметтік желіде вакцина алғаннан кейін аяқ қолы тартылып, тырысып қалған әйелдің видеосы тарады. Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сілтеме жасар.
Табынбаев бұл оқиғаның расымен болғанын мәлімдеді. Алайда қыздың не себепті мұндай жағдайға тап болғаны әлі белгісіз.
“Мүндай оқиға расымен болған. Видеодағы әйел перинатология және балалар кардиохирургия орталығында акушер болып қызмет етеді. Осыдан 5 ай бұрын жұмысқа тұрған. 29 сәуір күні вакцина салдырған, құрысу симптоматикасы болған. Ол емханаға және кеше №7 ауруханаға барған және оқиға расталып отыр. Оған тиісті көмек көрсетіліп, үйге жіберілді”, – деді Табынбаев.
Қазіргі таңда жұмыс комиссиясы құрылып, дәрігердің не себепті мқндай жағдайға тап болғаны анықталып жатыр. Алайда, әйелдің аяқ-қолы вакцина алғаннан кейін тырысып қалған деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
“Оқиғаның вакцинаға қаншалықты қатысы бары қазір тексеріліп жатыр, арнайы жұмыс комиссиясы құрылды. Жағдайдың вакцинаға қатысы бар ма, жоқ па зерттелгеннен кейін ғана тарату керек. Бұл оқиғада қызға жедел жәрдем көмек көрсетпеген делінді. Көрсеткіштер бар емес пе, егер ауруханаға апаруға тиісті көрсеткіштер болса науқас міндетті түрде жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіледі. Ал бұл оқиғада күмән болған, апару керек пе, жоқ па деген. Жедел медициналық көмектен кейін ол қызда ондай симптоматика болмаған, бірақ сақтық шарасы ретінде ауруханаға жеткізілген. Осыдан кейін ол үйіне қайтты және қазіргі таңда медицина қызметкерлерімен байланыста, менің ойымша, бұдан кейін ол қызда ондай асқынулар болмайды”, – деді ол.
Аурухана басшылығы да вакцина салдыруға мәжбүрлемегенін айтады.
“Біз ол қыз жұмыс істейтін аурухана басшылығымен сөйлестік, ешкім қысым көрсетіп, вакцина салдыртпаған. Десек те, менің ойымша, ол әйелдер босанатын перзентханада жұмыс істейтін болғандықтан дәрігер, адам ретінде бірінші кезекте вакцина салдыруы керек. Оның кесірінен босанған жас анаға да, балаға да қауіп төнбеуі керек. Менің жеке пікірім, әрине оны ешкім жұмыстан шығара алмайды, сот, кодекс бар, бірақ көндіріп, мәжбүрлеу керек, неге оның кесірінен ана мен бала зардап шегуі тиіс?” – деді Табынбаев.
Айта кетейік, бұл оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде әлі де кеңінен тарап жатыр.