Әлихан Смайылов 2 облыс әкімінің орынбасарына қатаң сөгіс беруді ұсынды
2021 ж. 12 сәуір
873
0
Атырау мен Жамбыл облыстарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы қымбаттап кеткен. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бірінші тоқсандықта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өсуінің ең жоғарғы деңгейі Атырау және Жамбыл облыстарында орын алды. Осыған байланысты, осы жұмысқа жауапты Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрлыбаев Қайрат Есқабылұлына және Жамбыл облысының әкімінің орынбасары Нығмашев Берік Болатұлына қатаң сөгіс беруді тиісті облыс әкімдеріне тапсыруды сұраймын», - деді Әлихан Смайылов Премьер-Министр Асқар Маминге.
Сонымен қатар ол 2021 жылыдң 1-тоқсанының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірісітерінің шамалы өсу қарқыны бар екендігін айтты.
«Бұған негізінен жергілікті бюджет кірістерінің өсуі әсер етеді. Есептік деректер жергілікті бюджеттердің кассалық қалдықтары айдан айға ұлғайып келе жатқанын көрсетеді. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдарға проблемалық мәселелерді біріншіден, жергілікті бюджет есебінен жабу қажет деп санаймын. Бюджет қаражатын игеру бойынша ахуалдың жақсарғаны орталық мемлекеттік органдарды да, жергілікті мемлекеттік органдарды да босаңсытпауы тиіс. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін уақтылы өткізу және экономиканы қолдау бойынша дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру өзекті болып табылады. Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бойынша шаралар уақтылы қабылдануы қажет», - деді бірінші вице-премьер.