Елорда әкімінің орынбасары қарамағындағы қызметкердің жемқорлық әрекеті үшін жазаланды
2021 ж. 12 ақпан
1093
0
Елорда әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен қарамағындағы қызметкердің жемқорлық әрекеті үшін жазаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдікке сілтеме жасап.
«ҚР мемлекеттік қызмет туралы» заңына сәйкес мәдениет басқармасының экс-басшысына қатысты сот шешімі шыққаннан кейін осы саланы басқаратын әкімнің орынбасары Б. Мәкен отставкаға кетуі тиіс. Әкімдіктің әлеуметтік маңызы бар білім, дін, жастар саясаты, әлеуметтік аз қамтылған тұрғындармен жұмыс жасайтын салаға басшылық жасайтын Б. Макеннің жетекшілігімен көптеген маңызды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, қалада үш ауысымда оқитын мектеп саны екі есеге қысқарды. Пандемия кезінде қысқа мерзімде құрылған Жедел штабтың жұмысы нәтижесінде 43 мыңнан аса адам әлеуметтік көмек алды... Осы жағдай ескеріле отырып Б. Мәкеннің отставкасы қабылданбады. Алайда оған қатаң сөгіс жарияланды», - делінген әкімдік хабарламасында.
Еске салсақ, Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы өткен жылы маусым айында қамауға алынған болатын. Ол «Наурыз мейрамы-2020» мерекесін тойлауға орай жалпы сомасы 195 миллион теңгеге іс-шаралар өткізу бойынша қызметтер көрсетуге арналған мемлекеттік сатып алу туралы жасалған келісімшарт бойынша қамқорлық көрсету үшін 10 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді.