Жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырап, екі медицина қызметкері мерт болды
2021 ж. 04 ақпан
1410
0
Шығыс Қазақстан облысында жүк автокөлігі жедел жәрдеммен соқтығысып, екі медицина қызметкері мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 3 ақпан күні сағат 19:25 шамасында «Өскемен-Семей» тасжолында болды.
«SCHMITZ» тіркемесі бар «ДАФ» жүк автокөлігінің 29 жастағы жүргізушісі «Өскемен-Семей» тасжолының Өскеменнен Семей қаласына қарай 140/58 шақырым жерінде ауа райының қолайсыздығынан (жаяу бұрқасын, көктайғақ) рульге ие бола алмай қалып, қарсы бетте келе жатқан «ГАЗ-A31R23» маркалы жедел жәрдем көлігімен соқтығысқан», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
Жол апаты салдарынан жедел медициналық көмектің 49 және 42 жастағы екі қызметкері ауыр жарақаттарынан оқиға орнында мерт болды. 44 жастағы жүргізуші дене жарақаттарын алған, ол Семей қаласының ауруханасына жеткізілді. Осы оқиғаға қатысты ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бірқатар сот сараптамасы тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.