Армян көлікпен жүрген қазақтар екі рет салық төлейді
2021 ж. 25 қаңтар
1232
0
Армениялық көлікті уақытша тіркеу үшін берілген уақыттың (2021 жылғы 1 наурызға дейін) аяқталуына бір айдан сәл асатын уақыт қалды. Алайда Нұр-Сұлтан мен Ереван қай ел көлік иелерін салықтан босататынын әлі шешкен жоқ. Бұл көліктер Қазақстан аумағында жүргендіктен, ұсыныс Армения тарапына жасалған, деп хабарлайды zakon.kz kolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Біз Армения тарапына екі рет жүгіндік, бірақ олар жауап бермеді. Бастапқыда келіссөз кезінде Армения премьер-министрі осы мәселені реттеуге ауызша сөз берген еді. Бірақ Әзірбайжанмен болған жанжал салдарынан іс ұзаққа созылып кетті. Қазір біз олар оң жауап береді деп күтіп отырмыз, — деді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары.
Олардың сөзінше, мәселе әлі шешілмеді, сондықтан сары нөмірлі армениялық көлік мініп жүрген ел азаматтарының екі елге салық төлеуіне тура келеді.
Еске сала кетейік, одақтас елден келген машиналарды Қазақстанда уақытша тіркеу 2020 жылы 1 маусымда басталды. Шетелдік көлік иелері темір тұлпарын 2021 жылғы 1 наурызға дейін тіркеуі тиіс.