Салалық журналистиканы дамытудағы маңызды кезең басталады - Балаева
2021 ж. 22 қаңтар
1539
0
Алғашқы 50 журналист оқуды Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-де осы жылдың ақпан айында бастайды, - деп хабарлайды "Қазақ үні".
Бүгін Алматыда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде болды.
Еске сала кетейік, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ҚазҰМУ-мен қол қойылған салалық журналистиканы дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумды жүзеге асыра бастады. Кездесудің негізгі күн тәртібі: 2020-2021 жылдарға арналған медиа саланың мамандарын даярлаудың Арнайы жоспарын талқылау.
Кездесу нәтижесінде, 2021 жылы ақпанда университет базасында жеке және мемлекеттік БАҚ-тың 50-ден астам журналистері медицина бойынша жоғары сапалы материалдарға қол жеткізу үшін біліктілік пен білім деңгейін көтеру бойынша жұмысты бастау жөнінде университет басшылығымен нақты келісім жасалды.
Аида Балаева салалық журналистиканы дамыту бойынша жұмыстың маңызды кезеңі басталатындығына назар аударды. Министр оқыту барысында жаттықтырушылар ретінде журналистика мен медицина саласының жетекші мамандары белсенді жұмыс жүргізуі керек екенін баса айтты.
2021 жылы салалық журналистерді оқыту бойынша кешенді жұмыс жүргізілетін болады. Осы жұмыс шеңберінде белгілі бір салада мамандарды даярлау бөлігінде медиа саладағы заманауи тенденциялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының сұраныстарын бақылау, мультимедиялық білім беру және ақпараттық платформа құру, ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді оқыту курстарын өткізу бойынша іс-шаралар жүргізілетін болады.