Сайлау кезінде байқаулар мен мүшәйралар өткізуге бола ма?
2020 ж. 02 желтоқсан
1525
0
«Ақ жол» демократиялық партиясы 2012 жылдан бастап жыл сайын дәстүрлі түрде Алаш қозғалысының саяси тәжірибесін, экономикалық ұстанымын және рухани мұрасын қазіргі Қазақстан қоғамын жаңғырту контексінде зерделеу мен насихаттау мақсатында «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық байқауын өткізіп келеді. Бұл байқау биыл да ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, «Ақ жол» демократиялық партиясы биылғы наурыз айында Қазақ Республикасының (1920-2020 жж) 100 жылдығына орай «Әр қазақ - менің жалғызым» атты фотобайқауы мен қазақтың ұлы ақыны, данышпан ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арнап «Абай арманы – тәуелсіз қазақ елі” атты халықаралық мүшәйра жариялап, оның да қорытындысы желтоқсан айына жоспарланған.
Байқау жүлдегерлеріне қаржылай сыйлықтар қарастылылған.
Биылғы байқау жеңімпаздарын марапаттау шарасы сайлау науқанының үгіт-насихат жұмыстарымен тұспа-тұс келіп тұр.
ҚР «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 27-бабының 9-тармағымен, сайлау жарияланған кезден бастап, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға, сондай-ақ олардың атынан немесе оларды қолдап кез келген жеке және заңды тұлғаларға қайырымдылық іс-шараларын өткізуге тыйым салынған.
Сонымен қатар, сайлаушыларға тегін немесе жеңілдік шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беріп, қызметтер көрсету, сондай-ақ лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткізу, ақша төлеу, не осындайларға уәде беру арқылы сайлау алдындағы үгітті жүргізу, сайлау алдындағы жөнсіз үгіт деп саналады.
Яғни, партия қолдауымен дәстүрлі түрде өткізілетін байқаулардың қатысушыларын ынталандыру және олардың еңбектерін бағалауға арналған марапаттау құралдарының сайлау процесіне қатысы болмаса да, сайлау комиссиясы тарапынан заң талаптары сөзбе-сөз қолданылған жағдайда, жөнсіз үгіт ретінде саналуы мүмкін деген күдігіміз бар.
Алайда, байқау мазмұнында сайлау үгіт шаралары қарастырылмаған, заңда тыйым салынған қайырымдылық жасау, тауарлар мен бағалы қағаздар беру, лотерея өткізу немесе негізсіз ақша беру жоспарланбаған. Тек байқау жеңімпаздарының еңбектеріне сай дәстүрлі қаржылай сыйлықтар белгіленген.
Осыған байланысты, біз биылғы жылдың 17 қарашасында ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Б. М. Имашевқа партияның өз қаражаты есебінен қаржыландырылатын бұл іс-шараның сайлау процесі шеңберінде үгіт-насихаттық іс-әрекет бойынша шектеулерге байланысты қандай салдар болуы мүмкін екенін түсіндіруді сұрап хат жолдаған болатынбыз.
Орталық сайлау комиссиясынан жеңімпаздарды марапаттау бойынша іс-шара өткізу конституциялық жауаптылыққа әкеп соғатыны туралы жауап алынды.
«ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық байқауының 1 және 2 кезеңі сайлаудан кейін жалғасады.
Қазақ Республикасының (1920-2020 жж) 100 жылдығына орай «Әр қазақ - менің жалғызым» атты фотобайқауы мен қазақтың ұлы ақыны, данышпан ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арнап «Абай арманы – тәуелсіз қазақ елі” атты халықаралық мүшәйраның қорытындысы сайлаудан кейін жарияланады.