Партиялар кандидаттарды ұсыну кезеңін сәтті өткізді - саясаттанушы
2020 ж. 30 қараша
1339
0
Сайлау науқаны жарияланғалы барлық партиялар съездерін өткізді. 5 партия өз кандидаттарын ұсынып, бағдарламаларын да жариялады. Саяси партиялар қоғамда қордаланған әлеуметтік, экономикалық, саяси мәселелерді көтергені, оны шешудің өзіндік жолдарын ұсынғаны байқалады.
Бүгін 30 қараша күні сағат 18:00-де партиялардың Мәжіліске кандидаттар ұсыну процесінің соңғы күні. 4 желтоқсанда маслихаттарға кандидаттар ұсыну да аяқталады. 10 желтоқсанда саяси партиялар үгіт-насихат жұмыстарына көшеді. Сайлау науқанының нағыз қызған уақыты 10 желтоқсанда басталады деп ойлаймын.
Бұл жолғы сайлау науқанының бір ерекшелігі партиялар қоғамға танымал азаматтарды қатарына көптеп тарта бастады. Осы арқылы электораттың назарын өзіне аударуға, халықтың даусын көбірек тартуға тырысатындығы анық. Партиялардың ішінде ең көп кандидат ұсынған "Нұр Отан" партиясы. Праймериз арқылы 11 мыңға жуық қатысушылардың ішінен қоғамда беделді тұлғаларды әр регионнан тарта білді. Билікте отырған партия 800 мектеп салу, магистранттар мен докторанттардың стипендиясын 1,5 есеге өсіру, әлеуметтік және экономикалық бастамаларды көтерген мықты бағдарламамен шықты.
Кез келген сайлау бізді демократияға бір саты жақындата беруі тиіс. Алдағы сайлау да қоғамдық даму мен саяси мәдениетті бір саты алға жылжытатын процесс болуы керек. Сайлауға қатысу, дауыс беру, бақылаушы болу арқылы біз саяси мәдениетті көтереміз әрі демократиялық құндылықтарды қалыптастырамыз. Бұл өте маңызды қадам.
Жалпы алғанда барлық саяси партиялар съездерін өткізіп, кандидаттар ұсыну процесін сәтті аяқтады деуге толық негіз бар. Осы тұрғыда сайлауға қатысты дайындықты жасап, комиссия құрамын бекітіп, сайлау учаскелерін дайындап, бұл ақпараттарды халыққа ашық жариялап отырған Орталық сайлау комиссиясының жұмысы да эффективті іске асып келеді. Кез келген ел азаматы сайлау науқанына қатысты ақпараттармен Орталық сайлау комиссиясының сайтынан таныс бола алады.
Серікбаев Бауыржан,
саясаттанушы